Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Жасампаздық мерекесі

    1 наурыз – Алғыс айту күні, бірлік пен татулық мейрамы. Қилы тарихты басынан кешірген Қазақстан халқының бір-біріне деген ілтипатын білдіретін сәті. Аталған мерекеге және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай бірнеше іс-шаралар ұйымдастырылды.

    Атап өтсек, осы бағытта кітапханада «Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы, Тараз қаласындағы №2 орта мектептің ардагер-ұстаздарының қатысуымен «Алғыс айту күні – шынайы алғыс пен ыстық ықыластың белгісі» атты этножәрмеңке, этномәдени бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен «Аз жақсылық жасағанға да – көп рақмет айту парыз» әдеби лейтмотив, «Достығы мығым мемлекет» атты фотошежіре өтті. Іс-шараға Тараз қаласындағы №2 орта мектебі әкімшілігінің ұйымдастыруымен мекеме ардагерлері шақырылып, ұлағатты ұстаздарға кітапхананың жас оқырмандары шексіз ризашылық білдірді. Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің білім саласы бойынша тұрақты комиссия мүшесі Несібелі Ералиева, ардагер-ұстаз Алма Омарова, №2 орта мектептің кәсіподақ ұйымының қызметкері Айнұр Спатова өздерінің еңбек жолдарын еске түсіріп, тәжірибелерімен бөлісті. Жас ұстаз Қарлыға Шолахова ыстық ықыласын өлең жолдарымен жеткізіп, керемет әндер орындап, би билеп керемет көңіл-күй сыйлады. Жас ұстаздар ардагерлерге сұрақ қойып, олардың ақыл-кеңестерін тыңдап, білімі мен тәжірибесін толықтырғысы келетінін айтты.

    Ал, «Бірлік, тұрақтылық, жасампаздық» тақырыбындағы дөңгелек үстел басына жергілікті зиялы қауым өкілдері айтқан естеліктер де ерекше әсерге толы болды. Филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің профессоры Меңдібай Әбілұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің мүшесі Диляром Каримова, Тараз қаласы №2 орта мектеп директорының орынбасары Вера Осенняя, М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті тарих факультетінің 4-курс студенті Құттыбек Әшірхан, Тараз қаласындағы мамандандырылған және «ALEM» кәсіби білім беру колледждерінің білім алушылары қатысып, тақырыпқа сай өз пікірлерін, ойларын жеткізді.

 

Есет ДОСАЛЫ

«AQ - JOL». - 2025. – 1 наурыз (№24). - 4б.

Яндекс.Метрика