Жылдағы дәстүр бойынша республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына орай Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын насихаттау мақсатында «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам...» атты әдеби кеш өткізілді.
Рухани кешке кітапхана ұжымы мен оқырмандар қатысты. Берері мол басқосуда ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертіліп, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көркем тұстары суреттелді. Кітапхана ұжымының қызметкерлері ақынның «Сүйемін», «Оқу», «Дүние», «Міне алақай!» секілді шығармаларын арқалана оқыса, аудандармен онлайн байланысқа шығып,ондағы кітапханашылар және оқырмандар да ақын өлеңдерін жатқа айтты.
2007 жылдан бастап ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханасы және ҚР Кітапханашылар қауымдастығының бастамасымен «Бір ел – бір кітап» жүзеге асуда. Ағымдағы жылдың ақпан айында Ұлттық академиялық кітапханасында өткен басқосуда Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына орай бүкілхалықтық оқуға таңдалып алынған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары «Жыл кітабы» атағына ие болды. Акцияның негізгі мақсаты әдеби туындыларды оқуға, насихаттауға, мәдени мұрамызды сақтауға шақыру болып табылады. Бұл шара қоғамның отандық әдебиетке, соның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуға мүмкіндік береді, -дейді кітапхана директоры Эльмира Абдинова.
Толғанай Атабай,
Жамбыл Тараз. - 2017. - 19 сәуір (№16). - 10 б.