23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай, Тараз қаласында «Кітап – ұлттық құндылық» атты республикалық кітап фестивалі өтті.
Шараны Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырды.
Фестиваль аясында еліміздің зиялы қауымы, қаламгерлері мен кітапсүйер жұртшылық бас қосты. Қонақ ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, ақын, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс, жазушы әрі баспагер Ырысбек Дәбей, прозашы Мақсат Мәлік және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының өкілі Нұрбала Текесбаева қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде Мәлік Отарбаев пен Серік Сәлемов құттықтау сөз сөйлеп, кітаптың қоғамдағы орны мен рухани байлықтың негізі екенін атап өтті. Фестиваль аясында елімізге танымал «Алқа», «Арман-ПВ», «Астана кітап», «Qasym», «Отбасы хрестоматиясы», «Таймас», «Шыңкітап», «Сенімен болашақ», «Аруна», «Мазмұндама», «Дарын», «Marfu press», «Атамұра» баспалары, сондай-ақ «Ziyat», «Kitap all», «Букинист», «Шерхан Мұртаза» кітап дүкендері кітап жәрмеңкесін ұйымдастырды.
Сонымен қатар, жаңа кітаптардың тұсаукесері, түрлі тақырыптағы тренингтер, танымдық акциялар мен ойын-сауық бағдарламалар өтті. Фестиваль барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын Қайырбек Асановтың «Махаббат», «Шапағат», «Парасат» атты үш томдық жинағының салтанатты тұсаукесері өтті. Сондай-ақ, «Шабыт» ақындар клубының мүшесі, Қырғызстандағы «Актал» әдеби шығармашылық бірлестігінің мүшесі, Әлем Халықтары Жазушылар Одағы мен «Әулие ата» шығармашылық бірлестігінің мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Мағауия Аманкелдиевтің «Өлеңдерім – өмірімнің айнасы» атты жыр жинағының және Түркі Әлемі Халықтары Жазушылар Одағының «Тұран тағылымы» және Әлем Халықтары Жазушылар Одағының «Құрмет иесі» төсбелгілерінің иегері Дәмегүл Бақытжанованың «Сезім сыңғыры» атты жинағының лентасы қиылды.
Фестивальдің басты мақсаты – кітаптың рухани құндылық ретіндегі маңызын арттырып, ұлттық сана мен отандық әдебиетті насихаттау. Осындай ауқымды шаралар жастарды кітап оқуға баулып, қоғамда білім мен мәдениеттің беделін көтеруге үлес қосары анық.
Ғалия АБЫЛАЙ,
Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту
басқармасының баспасөз хатшысы.
«AQ - JOL». - 2025. – 18 сәуір (№42). - 1б.