Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

ЖАМБЫЛДЫҚТАРДЫ РУХАНИ БАЙЫТҚАН ЖӘРМЕҢКЕ

    Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» кітап оқу акциясы аясында Таразда «Кітап – Ұлттық құндылық» Аulieata book республикалық кітап фестивалі өтті. Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған кітап фестивалі екі күнге жалғасты.

    Фестиваль барысында елімізге танымал «Алқа», «Арман-ПВ», «Астана кітап», «Qasym», «Отбасы хрестоматиясы», «Таймас», «Шыңкітап», «Сенімен болашақ», «Аруна», «Мазмұндама», «Дарын», «Мarfu press», «Атамұра» баспалары, «Ziyat», «Kitap all», «Букинист», «Шерхан Мұртаза» және тағы да басқа кітап дүкендері қатысқан кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

    Сонымен қатар фестивальге арнайы келген қонақтар – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніспен, жазушы, Қазақстан   Жазушылар одағының мүшесі, Steppe & World баспасының бас редакторы, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың, «Рух» сыйлығының иегері Ырысбек Дәбей мен жазушы, «Шабыт» халықаралық фестивалінің «проза» номинациясы бойынша Гран-при иегері Мақсат Мәлікпен кездесу өткізілді.

    Жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, түрлі тақырыптар аясында тренингтер, акциялар, ойын сауық бағдарламалары да осы фестивальде көш түзеді. Кітап пен ғылымды дәріптеп, ғылыми-танымдық әдебиеттерді, шетелдік және қазақстандық жазушылар мен олардың шығармаларын насихаттауды, қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын арттыруды мақсат еткен фестивальде Ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жамбылдық жұртшылыққа Мемлекет басшысының ыстық лебізін жеткізді.

    – Кітап фестивалінде Жамбыл облысының әрбір аудан, әрбір аймағында интеллектуалды әлеуеттің зор екеніне көз жеткізіп отырмыз. Өңірдегі қаламгерлеріміз тек ұлт руханиятының ғана емес, тұтас мемлекетіміздің тұтқасына айналды. Кейінгі кездері кітаптан алыстап, кітапты сағындық. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Озық ойлы ұлтқа айналуымыз үшін кітапқа мән беруіміз керек», – деді.

    Кітап – тек рухани қазынамыз, байлығымыз ғана емес, шынтуайтына келгенде, біздің ұлттық болмысымыз. Біздің халық ерте заманнан-ақ кітап деген қайнар бұлақтан сусындаған, көкірек көзі ашық болған. Соның арқасында бүгін осындай мемлекетке, елге айналып отырмыз. Әулиеата өңірінің кітапқа мән беріп, асыл дүниемізді жаңғыртып, басқа аймақтарға үлгі болып отырғанына қуанамыз, – деген Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы фестивальге сәттілік тіледі.

    Осыдан соң облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов мәдениет пен әдебиетті дамытуда өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды айта келіп, облыстағы ең көп кітап оқыған 14 үздік оқырманды марапаттады.

    Қаламгерлер мен кітапсүйер қауым жиналған фестивальде ақын Қайырбек Асановтың «Махаббат», «Парасат», «Шапағат» атты 3 томдық жинағының тұсауы кесіліп, биыл 80 жасқа толған ақынға ұлттық нақыштағы шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

    Фестиваль жұмысы еліміздің танымал авторлары, ел аймақтарынан арнайы шақырылған белгілі ақын жазушыларымен сұхбаттасуға мүмкіндік берген автограф-сессия алаңына ұласты. Фестиваль келесі күні кітап жәрмеңкесімен жалғасын тауып, «Кітап – өмір ұстазы» атты жас ақындар айтысына ұласты.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

«AQ - JOL». - 2025. – 17 сәуір  (№42). - 2б.

Яндекс.Метрика