Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

ЖАҢА ЖЫР ЖИНАҒЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

      Биыл 80 жасқа толып отырған ақын Шырын Мамасерікованың шығармашылығына арналған кеш Ш.Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасында өтті. «Шуағы мол жырлар» тақырыбымен өткен әдеби кешке ақынның қаламдастары, жамбылдық ақын жазушылар мен оқушылар, студенттер қатысты. Бұл поэзия кеші еліміздің және өлкелік шығармаларды өңір тұрғындары арасында кеңінен таныту, кітап оқуды ілгерілету, жергілікті ақын-жазушылар шығармашылығы мен олардың туындыларын жастар мен қалың жұртшылық арасында насихаттау мақсатында «Жазушымен бір күн» кітапханалық жоба аясында ұйымдастырылды.

     Т.Рысқұлов ауданының Қарақыстақ мекені, «Жалпақсаз» ауылында 1945 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген Шырын Мамасерікова Жамбыл педучилищесінен алған білімін Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік пединститутында жалғастырып, филолог мамандығын меңгерген. Еңбек жолын Меркі ауданындағы Гранитогор мектеп-интернатында мұғалімдіктен бастаған ол аудандық халық ағарту бөлімінде әдіскер, Меркі аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры қызметтерін атқарған. Міндетіне сеніп тапсырылған қызметтерді атқара жүріп, өлең жазып, бірнеше жинақтарын жарыққа шығарып, оқырманға жолдады.

     «Нәзік Поэзиялық батл нақыш», «Гәкку», «Назерке», «Жыл құстары», «Әулие бабам – Сыпатай», «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян», «Фатима», «Асылдың сынықтары» және басқа да кітаптары оқырманның көзайымына айналды. Онға тарта жыр жинақтарына топтамалары енген. Бірнеше рет республикалық, облыстық ақындар айтысының жүлдегері болған ақын атқарған еңбектеріне қарай мемлекеттік марапаттарға да ие болды. Оның өнегелі өмір жолы бейнебаян арқылы көрсетіліп, кешке қатысушы жастар ақынға сұрақтарын қойып, ашық пікірлесті.

       Ал, кеш қонақтары Шырын Мамасерікованың адами қасиеттерін үлгі етіп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ақынның «Атамекен» атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесіліп, белгілі жазушылар Елен Әлімжан мен Пернебай Дүйсенбин және ақындар Қайырбек Асанов пен Үміт Битенова салтанатты рәсімді орындады.

      Ақынның өлеңдерін кітапханашылар мәнерлеп оқып, «Қарақат» мектеп студиясы «Еркем-ай» би ансамблі мен әнші Алтынай Абдрайымова өнерлерімен кешке көрік қосты. Жас ақын Марал Хантөреқызы ақын апасына арнауын тарту етті.

Қамар ҚАРАСАЕВА

«AQ - JOL». - 2025. – 24 сәуір (№45). - 8б.

Яндекс.Метрика