Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

ҒАСЫРЛАРДАН МҰРА БОЛҒАН ҚҰНДЫ ҚАЗЫНА

    Кітап – адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының, тәжірибесі мен мәдениетінің жемісі. Ол тек білім көзі ғана емес, адамның дүниетанымын кеңейтетін, ой-өрісін дамытатын құнды құрал. Қазіргі заманда технологиялар дамып, ақпарат алудың түрлі жолдары пайда болғанымен, кітаптың орны ерекше болып қала береді.

     Дегенмен, бүгінгідей жаһандану дәуірінде өскелең ұрпақтың кітаптан қол үзіп бара жатқаны да жасырын емес. Бұған ғаламтордың желісі де өз әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сондықтан ең әуелі кітап оқырманға қолжетімді болуы керек», – деп қадап айтқан еді. Ел Президентінің тапсырмасымен бекітілген ұлттық кітап күніне орай және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Кітап – ғасырлар мұрасы» атты көшпелі кітап керуені өтті. «Ауыл Береке» базарында өткен мәдени шараны Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырды. Кітап пен ғылымды кеңінен насихаттау, ғылыми-танымдық әдебиеттерге, шетелдік және қазақстандық қаламгерлердің шығармашылығына деген қызығушылықты арттыруды мақсат етіп, ашық аспан астында ерекше форматта өткен шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова арнайы қатысты. Гүлдана Әлімжанқызы көшпелі кітап көрмесін аралап көріп, кітапхана ұжымының бастамасына жоғары баға берді. Ол өз сөзінде кітаптың қоғам айнасы, руханият тірегі екенін айрықша атап өтіп, осындай мәдени іс-шаралардың ел болашағына берері мол екенін жеткізді. Көшпелі кітап көрмесі «Тарихи тұлғалар және ұрпақтар жалғастығы», «Қасиетті шаһар, қастерлі өңір: тарихы, қалалары, ескерткіштері», «Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан», «Қазақ сөз өнерінің наркескені, халық жазушысы Шерхан Мұртаза», «Тараз мұралары» атты тарихи-танымдық энциклопедиялық жинақтар және «Жергілікті ақын-жазушылар – құрмет төрінде» атты бірнеше мазмұнды бағытты қамтыды. Мәдени шара барысында «Ақынға», «Қазақ қызы», «Ұлы Жеңіс шаттығы», «Желдірме», «Шырын Мамасеріковаға арнау әні», «Жаса, қазағым!» сынды рухты әндер шырқалып, көңіл сергітер викториналық ойындар ойнатылды.

Аман ЕСЕН

«Jambyl-Taraz». - 2025. – 25 сәуір (№32). – 1 б.

Яндекс.Метрика