Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

ЕНДІ «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ» ӨЗ КІТАПХАНАСЫ БАР

     Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды», – деп атап өткен болатын. Президенттің тапсырмасына сай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев биыл «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын жариялағаны белгілі.

    Осы құндылықтардан кітапхана саласындағы жұмыстардың қаншалықты маңызды екенін білуге болады. Саладағы жауапкершілікті кітапханашылар да ерекше сезініп келеді. Біздің өңірде кітап оқуға, кітапхана жұмысын қолдауға деген ниет жоғары. Біз оны Тараз қаласының «Ұлы дала» шағынауданында жаңа кітапхананың ашылуынан байқадық. Рухани орданың ашылу салтанатында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков сөз сөйледі.

    – Кітап – қай кезде де рухани жан азығы, кітапхана – адамдардың жаназығына қызмет ететін қазыналы орталық. Еліміздің Конституциясының 30 жылдығы қарс аңында ашылып жатқан кітапхана құтты болсын! Осы «Ұлы дала» шағынауданында 45 мың тұрғын бар. 41 мың кітап қоры бар осы рухани орда тұрғындарға сапалы қызмет ететін болады. Осылайша біз өте маңызды істің куәсі болып отырмыз. Жаңа кітапхананың оқырмандары көп болсын!, – деді шаһар басшысы. Жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан көпшілікті құттықтап, қуаныштарын бөлісті.

    – Жалпы адам үшін екі қажеттілік бар. Біреуі – рухани байлық, екіншісі – материалдық құндылық. Материалдық байлықты өнідірушілер көп. Ал рухани байлықты жасаушылар қашанда аз. Кітапхана – киелі орын. Сол киелі жерде еңбек ететін әр кітапханашының еңбегі ерен. Біз қазір адамдар кітап оқымайды деп жүрміз. Бірақ қызықтыра білсе кітапты жанына серік ететін жандар жеткілікті. Біз оны кітапханашылардың өнегелі ісінен байқаймыз. Ашылған рухани орда әрқашан оқырмандарға толы болсын, – деп тілегін толғана жеткізді.

    Мұнан соң сөз алған белгілі қаламгерлер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Қайырбек Асанов пен Көсемәлі Сәттібайұлы да қуаныштарын жасыра алмай, ағынан жарылып, жылы лебіздерін білдірді. Аталған ақын- жазушылардың қатысуымен кітапхананың лентасы қиылды. Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылымиәмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинова да қуанышқа ортақтасқанын айта кеткен жөн. Мұнан соң құрметті қонақтар жаңа ғимаратты аралап көрді. Кітапхананың жалпы ауданы 400 шаршы метрді құрайды. Абонемент, оқу залы заман талабына сай. Жайлы коворкинг орталығы да – оқырманның үлкен қуанышы. Бір сөзбен айтқанда, мұнда қажеттіліктің бәрі бар.

    – Қала бойынша 17 кітапханада 495 мың кітап қоры бар. «Ұлы дала» щағынауданының кітапханасы 41 мың дана әдеби көркем кітаппен қамтылып отыр. Кітапханашылар қазіргі таңда оқырмандарға барлық жағынан мінсіз қызмет жасауға дайын, – дейді Абай атындағы Тараз қалалық кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаева.

    Ал аталған шағынауданның тұрғындары да өте қуанышты. «Бұрын қаланың орталық бөлігіндегі кітапханаларға жиі баратынбыз. Енді үйімізге ең жақын кітапхананың қызметін пайдаланатын болдық. Бұл уақытты үнемдеуге де өте тиімді. Жаңа кітапхананың ашылуы барша тұрғындардың көңіліне алтын сәуле жаққандай ғажайып іс, үлкен қамқорлық», – деп аталған шағынауданның тұрғыны Рауан Есен өзінің көңіл күйімен бөлісті.

    Жаңа кітапханаға ақ жаулықты әжелер шашу шашса, жас оқырмандар белгілі ақындардың жырларын жатқа оқып, жиынның маңызын арттыра түсті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

«AQ - JOL». - 2025. – 30 тамыз  (№98). - 1б.

Яндекс.Метрика