Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында онлайн коучинг-шығармашылықты дамыту кеңесі өтті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткен кездесу «Оқуды ілгерілету: кітапханадағы тың идеялар мен технологиялар диапазоны. Цифрлы қоғам шеңберіндегі кітапхана қызметі» тақырыбында өрбіді. Онлайн- коучинг форматында өткен жиынға IT маман, ақпараттық жүйелер бойынша маркетолог, ҚР Ұлттық Академиялық кітапханасы басшысының ақпараттық ресурстар бойынша жетекшісінің орынбасары Нұржан Жолдыбалинов және облыс, аудан кітапхана қызметкерлері қатысты.
– Мемлекет басшысының мақаласының негізгі бағыттары аясында өңіріміздегі кітапхана ісін дамытудағы міндеттерімізді айшықтау. Кәсіби дағдылармен алмасу, кітапханашыларымыздың жаңашылдық бастамасы мен кәсіби дамуын ынталандыру, мамандық беделі мен әлеуметтік мәнін көтеру. Қызметімізге жаңа ақпараттық технологиялар мен әдістерін енгізу жолдарын машықтау мақсатын алға қойдық. Қазақтың ұлттық салт- дәстүрлерін, ең бастысы, мемлекеттік тіл мен әдебиетімізді, мәдениетімізді, қазақи рухымызды жаңғырту, мемлекеттік идеологияны анықтайтын басты саяси құжаты болып табылатын Елбасы мақаласында рухани байлықтарымызды бағамдап, болашақ ұрпақ кәдесіне жеткізуге баса назар аударылған. Тарихқа үңілсек, әр елдің кемел келешекке ұмтылу жолындағы ізденістері әртүрлі. Әлем мойындаған, тарихи тамыры мықты, жасампаз ұлтқа айналу – сол мемлекетті құраушы кез келген халықтың арман- тілегі. Осындай жауапкершілік, ұлы мұраттар жолында жаңа идеялар бой көтереді, ізденістер мен жаңаша мақсат-мүдделер тоғысады, – деді кітапхана директоры Эльмира Абдинова. Шарада қоғамның мәдени дамуының формацияларына негізделген кітапхана қызметін, үйлестіру жұмыстары аясында ой бөліскен кітапханашылар, бұл жиыннан өздеріне қажетті ақпар алып, пікір де алмасты.
– Кітапхана – үлкен тәрбие мектебі болғандықтан, салаға артылар жүк те ауқымды. Еліміздегі кітапханалардың материалдық- техникалық базасын нығайту және одан әрі қарай жаңғырту қажеттілігі, кітапхана қорларын кешенді цифрландыру қызметін үйлестіру және кітапхана қызметкерлерін қайта даярлау мен біліктілігін арттыру секілді өзекті мәселелер қамту басты назарда, – деді «Цифрлы қоғам шеңберіндегі кітапхана қызметі» тақырыбында дәріс оқыған Нұржан Жолдыбалинов. Ал «Өрлеу» БАҰ БАҰО АҚ Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының психологиялық ойындарды өткізу тренерлері Шынар Тойғанбекова мен Әйгерім Абзалбекқызы «Оқу арқылы жаңару мен рухани жаңғыру» тақырыбы аясында тренинг өткізді.
Бұл жиын онлайн коучинг-шығармашылықты дамыту кеңесі аясында «Жастар жасампаз елдің болашағы» атты «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген тұлғалар мен студенттердің кездесу кешіне ұласты. Оған 100 жаңа есім жобасына облыс атынан енген еңбегі елеулі азаматтар Нұржан Нұрланұлы, «Кирпичник» ЖШС директоры, облыстық қоғамдық кеңестің хатшысы Сембек Сейдәзімов, ІІБ-ның жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясының аға сержанты Ғалым Арыстанбаев және «Бурное» ірімшік зауыты ЖШС-ның директоры Әбдібек Пошкаев қатысты.
Кездесу барысында Сембек Сейдәзімов уақытында Жамбыл облыстық мәслихатының үшінші, төртінші және бесінші шақырылымдарының депутаты кезінде өңірдің өзекті мәселелерін көтеріп, оң шешім табуына ықпал еткендігін жеткізді. Жастардың жігерін жанып, Отанын сүйіп, ел ертеңі үшін болашаққа нық қадам жасауына ықпал ету үшін аянбай тер төгу қажеттігін айтты. Ғалым Арыстанбаев өзінің үш баласына қосып, балалар үйінен сегіз бүлдіршінді бауырына басқанын, олардың әр ұлт өкілінен екенін, сонымен қатар барлығына өз баласындай бауыр басқанын айтты. Әбдібек Пошкаев өз ісін қалай бастағанын, бүгінде зауыт өнімін Ресей де тұтынатындығын атап өтті.
Есімі еңбегімен еленген ер-азаматтар өмірбаяны, еңбек жолы, ілкімді істің іргетасын қалаудағы ерік-жігердің маңызы туралы айтты. Студенттер де кездесу барысында Қазақстандағы «100 жаңа есім» жобасына енудің қыр-сырына қанығып, көкейдегі сұрақтарын жолдады. Сонымен қатар кеш қонақтарына өздерінің жүрекжарды лебізін арнап, әсем кешті ән-жырға бөледі.
Құралай Сенбекқызы
Жамбыл Тараз.- 2018.- 4 сәуір (№27).-3 б.