Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Еңбек ері – елге өнеге, ұрпаққа үлгі

 

Еңбек – адамды биікке көтеретін, елді еңселі ететін қасиетті ұғым. Қазақ халқы ерте заманнан-ақ еңбекті ардақтап, маңдай термен тапқан адал нанды ең қымбат байлық санаған. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы да осының айғағы. Осы игі дәстүрді жалғастыру мақсатында 23 қыркүйек күні Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының залында Еңбек күніне орай «Еңбек ері – өскелең ұрпаққа үлгі» атты еңбек ардагерлерімен кездесу сағаты өтті.

 

Облыстық кітапханада еңбек ардагерлерімен кездесу өтті

 

Кітапхана ұжымы ұйымдастырған бұл шараның басты мақсаты – жас буынға еңбектің адам өміріндегі орнын ұғындыру, еңбек адамын құрметтеуге тәрбиелеу, өз саласында өнегелі із қалдырған жандардың тағылымды жолын насихаттау. Сонымен бірге өскелең ұрпақты адалдыққа, жауапкершілікке және еңбекқорлыққа баулу да назарда болды. Кездесуге Тараз қаласындағы «ALEM» кәсіби білім беру колледжінің оқытушылары мен білімгерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және кітапхана қызметкерлері қатысты. Залға жиналған жастардың жүзінен шараға деген зор қызығушылық пен ықылас байқалды.

 

Жиын Еңбек күнінің мәні туралы әңгімеден басталды. Кітапханашылар мерекенің қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, еңбек адамын ұлықтау – ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі екенін атап өтті. Бүгінде еңбек адамын дәріптеу, кәсіби біліктілікті құрметтеу қоғамымыздағы басты құндылықтардың біріне айналып отыр. Сондықтан жас ұрпақтың бойына еңбекке деген сүйіспеншілікті ерте бастан сіңіру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Шараның құрметті қонақтары – «ALEM» кәсіби білім беру колледжінің тәжірибелі ұстаздары: қазақ тілі пәнінің оқытушысы Амангүл Бекенова, математика пәнінің оқытушысы Алтын Болатбаева және тарих пәнінің оқытушысы Айжан Дарменова. Олар – шәкірт тәрбиесіне жан-тәнімен берілген, өз ісінің қадірін терең түсінетін, еңбегімен еленген абзал жандар. Қонақтар жастармен ашық әрі жылы ықыласпен сұхбаттасып, өздерінің еңбек жолы, мамандық таңдаудағы толғаныстары және кәсіби тәжірибесімен бөлісті.

 

Ұстаз еңбегінің қадірі, мамандыққа адалдық, жауапкершілік пен жас ұрпақ тәрбиесі жайлы айтылған тағылымды әңгімелер тыңдаушыларды бейжай қалдырмады. Ұстаздар кез келген мамандықтың биігіне шығу үшін білім мен табандылық, адалдық пен тынымсыз ізденіс қажет екенін өмірлік мысалдармен жеткізді. Кездесу барысында еңбек адамының қоғамдағы орны, адал еңбектің адам өміріндегі мәні жөнінде салиқалы ой қозғалды. Қонақтар жастарға болашақ мамандығына үлкен жауапкершілікпен қарап, таңдаған ісін сүйіп, оны шын жүректен атқаруға кеңес берді. Олардың пікірінше, еңбекті сүйген адам ғана өз ісінің шебері бола алады, ал шебердің еңбегі әрдайым елдің игілігіне қызмет етеді. Ұстаздардың жүрекжарды лебізі жастардың көкейіне терең ұялап, көпшілігі өз ойлары мен сұрақтарын ортаға салды.

 

Шараның тәрбиелік мәнін арттыру мақсатында еңбек адамдары туралы қысқаша бейнеролик көрсетілді. Көрерменге ұсынылған бейнематериал әр саладағы адал еңбектің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрнекі түрде паш етті. Сондай-ақ кітапхана қорынан еңбек тақырыбына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар ондағы басылымдармен жақынырақ танысты. Көрме жастарды кітап оқуға, еңбек адамдарының өмір жолынан үлгі алуға шақырды. Кездесудің көркемдік бөлімі де ерекше әсерге толы болды. Патриоттық әрі мазмұнды әндер шырқалып, жиынға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Туған жерге, елге және еңбекке деген сүйіспеншілікті арқау еткен әндер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кездесу соңында ұйымдастырушылар еңбек адамдарының қоғам дамуына қосып жүрген үлесіне тоқталып, қонақтарға шынайы алғысын білдірді. «Еңбек адамын құрметтеу – еңбекті құрметтеу. Ал еңбекті бағалау – ел болашағын бағалау» деген тағылымды ой бүкіл шараның негізгі өзегіне айналды.

 

Жалпы, «Еңбек ері – өскелең ұрпаққа үлгі» кездесу сағаты жастарды еңбексүйгіштікке, жауапкершілікке, өз мамандығын құрметтеуге және ел игілігі жолында адал қызмет етуге үндеді. Мұндай тағылымы мол шаралар жас буынның бойына еңбекке деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіріп, олардың болашаққа нық сеніммен қадам басуына игі ықпалын тигізері сөзсіз. Өйткені елдің ертеңі – еңбекті қадірлей білетін саналы ұрпақтың қолында.

 

 

26 қыркүйек, 2026 Майра АМАНЖОЛҚЫЗЫ

Яндекс.Метрика