Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Кітаптың сиқырлы әлемі

Бұл күннің мақсаты- әлемдегі кез келген жастағы адамдарды кітап оқуға ынталандырып, адамның ой-өрісін кеңейтіп, оның шексіз мүмкіндігінің арқасында жақсы өмір сүруге жол ашатындығын ұқтыру.

      Тақтан қымбат, күннен нұрлы, сөзден құнды асыл дүние кітаптың ішінде ғана. Жеті кат көк пен жерді, төрткүл дүниені камтып, жарты әлемді жаулап алуға шамасы жететін құдірет, ақылына ақы сұрамайтын ілімнің көзі тағы да кітап.

      Кеше. Сәт санап үңілетін ұялы телефон жоқ. Ғаламның төрт бұрышына түсау салған ғаламтор да дамымаған. Сан алуан терминалға телміріп, аула аймағынан компьютер ойын айлағына шарықтауға да мүмкіндік тумаған. Есесіне, тіршілікгің тынысы еңбекке жегіліп, сананы сәулелендіретін жалғыз құдірет кітапта ғана еді. Баспадан жарық көре сала ең жақсы деген жарықтық кітап, қолдан-қолға өтіп, түн құшағындағы сырласқан екеудің де, оңашада қалған жалғыздың да ой арманында қалықтай жүзіп, тәтті арманға жетелегенін, әр бетін құныға оқығанын, тіпті, кітаптағы ең ғажап кейіпкерлердің әр сөзін маржан тұтып, жаттап алғанын бүгінгі жастың бірі білсе, бірі білмес. Иә, осыдан елу жыл бұрын сәнде болған кітап, аристократтық мәнге де ие еді. Парасатқа апаратын жалғыз жол да сол деп білді. Тіпті жастардың таңды таңға ұрып, алақандай ауылда ай жарығымен де кітап оқып, ертесі автордың не айтқысы келгенін талдап, талғап, пікір таластырғанын да естіп, біліп жүрміз. Осы орайда кітаптың бүгінгі оқырмандары жайлы кеңінен білу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына бас сұққан едік.

       - Біздің кітапханада қазіргі таңда кітап қоры 241708 мың дана. Соның мемлекетгік тілдегісі - 67727. «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында қоғамдық көліктерге мініп, ақындардың өлеңін оқып тұрамыз. Адамдардың кітапқа, білімге деген құштарлығын ояту мақсатында ұйымдастырылған мұндай шараның ел ішінде берері мол. Ал бүгінгі таңда біздің кітапханадағы кітаптардың ішінде Мырзагелді Кемелдің «Ақыл қалта», Бауыржан Момышрының «Ұшқан үя». Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», «Абайдың қара сөздері», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар», Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндері» ең сұранысқа ие кітаптар. Сонымен қатар оқырмандар арасында қариядан бастап, жас оқушылардың да оқу залында отырып оқитыны да, үйіне алып кетіп, алмастырып, қайта алып келіп, үнемі оқу үстінде жүретін оқушылар да, тіпті, танда келіп, кешке қайтатын оқырмандар да баршылық, - деді кітапхананың дамыту бөлімінің әдіскері Гүлнұр Алтынбекова.

       Студенттік жылдары ең жиі бас сұғатын осы кітапханада бір ерекше оқиғаның куәсі болған едім. Тағдырдың тауқыметін тартып, жүзін әжім торлаған әйел күнделікгі таңертең оқырман залына келетін. Сөйтіп кеш қарайып, кітапхана жабылғанша кітаптан бас алмайды. Өзінің үлкен жол сөмкесіне киім- кешегін, тіпті ас-ауқатына дейін салып алатын. Қажет болса киініп, қарны ашса тамақтанып алатынын талай көрдік. Кейін білдік, ол әйелдің белгілі тұрағы, үй-жайы жоқ. Бұрын тым білімді болғандығын, кейін әйелге «білім өтіп кеткен» деген «диагноз» қойылғандығын да естідік. Алайда, шаршаса - отырған орнында мызғып алып, ояна сала түрлі газет-кітаптан бас алмай оқи беретіндігі, оның ақыл-есінен айырылса да, кітапқа деген махаббатынан айырылмағандығы бізді тандандыратын. Араға жылдар салып, сол бір оқымысты жанның тағдыры ойыма оралды.

            Осы орайда кітапхананың тұрақты оқырманы, таң алакеуімнен кеш қарайып батқанша кітаптан көз алмайтын тарих ғылымдарының кандидаты, доңент, ТИГУ: «Тарих және құқықтану» кафедрасының оқытушысы Жанғасқа Аягөзовпен сұхбаттасуды жөн көрген едік.

      -    Кітап - қазына. Қаншалықты оқысаң, соншалықты құнығасың, қызығасың. Мен үнемі оқу, ізденіс үстіндемін. Кітаптан көз алмай оқығаныма елу жылдың жүзі болыпты. Үйімде шағын кітапханам бар. Менің кітапқа деген махаббатымды оятқан тарих пәнінен сабақ берген ұстазым еді. Жетінші сыныпта оқып жүргенде тарихқа байланысты алғашқы кітабымды оқыдым. Міне сол балаң сәттегі кітапқа деген сүйіспеншілігімді әлі жоғалтқан емеспін. Және де өз перзенттерімнің де кітапқа деген құмарлығын оятып, балаларымның да кітап оқуына, білімді болуына ықпал еттім. Баланың білімге деген құштарлығын оятып, кітап окуға құлшындыру ұстаздың қолында. Кітапты сүйген, білімді мұғалім ғана балаға дұрыс дәріс беріп, білімін құяды. Менің ең сүйсініп оқитыным тарихи деректер. Ал ең сүйікті жазушым - Ілияс Есенберлин, - деді оқымысты қарт. Иә, бұрынғы жастарда смартфон, планшет, компьютер болған жоқ. Есесіне бар ғылымның жетістігін бір бойына сыйдыруға құдіреті жететін  кітап бар еді.

          Ал бүгінгі таңда сан мүмкіндікке жол ашылып, сан мүмкіндікке жол ашылып, сананы ғаламтор жаулап алған қоғамда көлік, асхана, тіпті той-думанда да ұялысына телмірген жастар кітапқа қаншалықты мән береді?

Әлде «Бүгінгі жастар кітапты қолға алмайды» деген қауіптің жаны бар ма? Осы орайда жүзге тарта жастарға сауал тастап, ойын білген едік.Бір қызығы жастардың жауабы үш тарапқа бөлінді. Бір – қажетті ақпарат алу үшін немесе арнайы университеттің тапсырысымен ғана кітап бетін ашатындар болса, енді бір топ-жақсы жазылған кітапқа назар аударып, әр жартыжылдықта мақтаулы кітаптарды оқып тұратындар. Ал үшінші топ кітапты мүлде оқымайтын, әлеуметтік желіде жазылған қызықты жаңалыққа ғана көз жүгіртетінін жеткізді. Жастардың арасында «жалынды жастық шақты іш пыстырып, кітап оқумен өткізгім келмейді» деп жауап бергендер де болды. Кірпігін дамылсыз қаққылап, ернін тістелеп, ойлау қабілетінің таяздығын танытып, бет- жүзінің ғана әйбат екенін көрсеткен кітап оқығысы келмейтін жастардың қапыда іліп алар сөз тауып айта алмауы қорқынышты көрінді. «Адам баласы кітап оқуды тоқтатқан күні ойдан тыйылады» депті бір данышпан. Иә, адамды адам киіміне қарап күтіп алып, біліміне қарай шығарып салатын бүгінгі тіршілікте ой таяздығы жанға батады. Күн санап дамып, сәт санап көркейген көрікті өлкеде кітап оқымай ғұмыр кешу мүмкін бе? Ұялы телефон қажеттілік қана. Ал сол ұялы телефонды қуаттандыратын ток көзі болса, адамның санасын қуаттандыратын кітап емес пе еді? Бүгінгі жастардың ішінде кітап оқитындары тек әдебиетпен айналысатындары ғана. Ал бірен-саран кітапқұмар жастарды кітапханада кездестірдім. Бірақ олар санаулы ғана...

          Жалдамалы пәтердің сықырлақ есігін тарс жауып, хан сарайының төрінен бір-ақ шығып теңізге сүңгіп кетсең, енді бірде көкте қалықтайсың. Ал бірде аязды қыста жаймашуақ жаздың таңғы шығын жалаң аяқ кешіп, асыр салып жүгіре жөнелгеніңді байқамай да қаласың. Әлсін-әлсін әлдекіммен бірге әндете қуанып, кей-кейде әлдекіммен қосыла жылайсың. Бұл ақылына ақы сұрамайтын кітаптың ғаламаты, сиқырлы сезімі.

          Құран Кәрімнің алғашқы аяты да «Оқы», «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың сенің ардақты! Ол қаламмен үйреткен». (Алақ сүресі) деп бұйыру арқылы басталады. Осыған орай Ислам дінінің білім алуға, үйренуге, ғылым іздеуге қаншалықты маңыз бергенін де ойлай беріңіз.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Жамбыл Тараз.- 2018.- 20 сәуір (№32).-6 б.

 

Яндекс.Метрика