Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«Коворкинг» орталығы ашылды

Біз өмір сүріп отырған ғасыр – ақпарат технологияларының қарыштап дамыған кезеңі. Соған қарай кітапхана оқырмандарының да талғам талабы өзгерген. Бүгінгі таңда оқырманның жедел ақпарат алуы үшін кітапхана жүйесі цифрландырылуда. Жалпы цифрландыру – Елбасы Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының өзегі.

     Енді міне, цифрландыру жүйесі аудандағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне де еніп, «Коворкинг» орталығы ашылып отыр. Бұл – облыс аудандарындағы алғашқы орталық. «Коворкинг» - ағылшын тілінен аударғанда, бірге жұмыс істеу деген мағынаны білдіреді.

     Оқырман үшін орталықтың мүмкіндігі зор. Барлық санаттағы келушіге жағдай жасалған. Онда бір мезгілде бірнеше оқырман жұмыс жасай алады. Нысанды ашуға аудан бюджетінен 2 миллион теңге бөлінген.

     Жаңа орталықтың ашылуына аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, журналист-жазушы Мақұлбек Рысдаулет және кітапхана оқырмандары қатысты.

     Кітап – рухани азығымыз. Ол туралы көп айтуға болады. Бірақ қазір – ақпараттың дамыған уақыты. Барлық мәліметті интернет желісі арқылы компьютерден алуға болады. Елбасы Жолдауында цифрландыруға көшуді текке айтып отырған жоқ. Ол – заманның, оқырманның талабы. Енді, сіздердің тұрақты оқырмандарыңыз іздеген мәліметтерін осы жерден тауып, компьютерден оқитын болады. Жас оқырмандарға да бұл орталықтың берері көп болады деп ойлаймын,-деді аудан әкімі салтанатты жиында.

    Одан кейін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысыны орынбасары Зүбайра Сембина мекеме қызметкерлерін орталықтың ашылуымен құттықтады.

    Мұнан соң кітапхана оқырмандары мен салтанатты жиынға шақырылғандар орталық жұмысымен танысты. Бір қуанарлық жағдай, орталықтың цифрландырылған жүйесіне ең алғашқы болып журналист-жазушы Мақұлбек Рысдаулеттің еңбектері енетін болды. Осыны қуана жеткізген аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыт Қанаева қолдау көрсеткен аудан басшылығына оқырмандар атынан алғыс айтты.

 

Марат Құлибаев Жуалы ауданы

Ақ жол. - 2018. - 17 сәуір (№43). – 3 б.

 

 

Яндекс.Метрика