Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ақын
Қуаныш Ауғанбаевтың «Мөлдір әлем» атты кездесу кеші өтті
«Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаевтың атсалысуымен өткен әдеби кешке ТарМУ оқытушылары мен студенттер қатысты. Әдебиет әлемінде өзіндік өрнегін өлеңмен әдіптеген ақынның жырлары таңғы шықтай мөлдіреп тұр. Туған жердің төсіне табанын тіреп, қос аяғын нық басуды арман еткен ұлдың өлең өлкесінде беделі биік, талғамы тұнық. Ол өлеңінің бірінде алқызыл гүлге аңсары ауып, қауызына қаламымен хат жазса, енді бірде өзі сол гүлді әне-міне күн болып құшатындай. Бірде жұлдыздан сәлем жолдап, көктен көңілдене қол бұлғаса, енді бірде мұң тұнған жүзін әлемнен теріс бұрып, ағыл-тегіл жылап тұрғаны елес береді.
– Мөлдір әлем – тазалықтың әлемі. «Тектұрмас жақтан ұшқан құс» атты жыр жинағым жарық көрген. Алдағы уақытта да кітап шығару ниетім бар. Республикалық жыр бәйгесінен бас жүлде алып, фестивальдерден дипломант та атандым. Мүмкін мен белгілі бір деңгейде өлеңім арқылы өз биігіме жеткен де шығармын. Бірақ жүрегімдегі ең ұлы арман ол тарихта қалатын, мықты өлең жазу. Дәл сол мен армандаған асқақ жыр жазылады ма, жоқ па ол да бір Алланың қолында. Есесіне, сол биікке жету жолында талмай, тынбай еңбек етемін, – дейді ол. Танымал ақын Мұхтар Шаханов: «Бір арманды басып өтсең құйғытып, көңіліңді қозғап жатыр мың арман» демекші, Қуаныш та өз биігін бағындыруға талпынып, жеткен жетістіктерін арманының жартысы деп қана бағалайтын талғамы биік тұлға екенін осылай білдірді.
Кеш барысында студенттер ақынға сауал жолдап, өз жүрегінің ізгі лебіздерін ақтарып, ақ тілектерін арнап жатты.
– Болмайтынын адам ойлар көп істің, Күтпейтінін алда жалғыз жеңістің. «Тағдыр» атты тауқыметті тар жолды, Жеңе білу сырларымен бөліскен. Шерте біліп көңілімнің күйлерін, Мәлім етіп, талай отқа күйгенін Дәлелдеді бұл бір лирик ақының Мына өмірді еш риясыз сүйгенін, – деп аталмыш қоғамдық бірлестіктің психологі, «Инабат» қыздар клубының жетекшісі Марал Хантөреқызы кеш кейіпкеріне жүрекжарды өлеңін арнады.
Ақын өз өмірінен естеліктер айтып, «Мөлдір әлем», «Жалғыз жапырақ», «Оқырман қыз», «Жұлдыз» тағы да басқа көптеген туындыларын оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал адал дос, жан серігіне айналған жан-жыры өмір өткелінің қиын сәттерінен, тағдырының сын шағынан сыр шертер «Менің драмам» атты өлеңімен кешті түйіндеді. Ендеше, ақынның аласапыран күйін кештірер.
«Менің драмам» өлеңімен таныс болыңыз.
Гүл тектес менің жаным бар,
Сондықтан гүлмен сыңармын.
Кеудемде ыстық жалын бар,
Ақын боп кеткен шығармын.
Қаламды жүрмін төрелеп,
Басқадан құнын білермін.
Жазғаным болса керемет,
Тарихқа бәлкім кірермін.
Кетсе де менен бақ қашып,
Жалғанның сүйем жарығын.
Кімдермен қимай қоштасып,
Кімдерді жақын таныдым.
Көз салсам түнгі аспанға,
Тағыпты сәнді Ай сырға.
Жырақтап қанша қашсам да,
Келген жоқ уақыт қайтуға
Жұлдыздарға қызығып,
Іздедім қанша астар мән.
Өлең боп түсіп, үзіліп,
Сыр аулап кеттім тастардан.
Ырқында ойлы ырғақтың,
Өзіме талай сөз бердім.
Қонбасын оңай бұл бақтың
Кезінде айқын сезгенмін.
Өлеңнен тауып миятты,
Бүрлерін сүйдім ағаштың.
Болатын арман сияқты,
Ақыны болу Алаштың.
Туласа қанда текті өлең
Жұлдыздай мәңгі жанармын.
Мұқағалиға жетпеген,
Қуаты бірақ қаламның.
Мен үшін қымбат ырыс-құт,
Жасаған бабы күтімі.
Жаныма сондай тым ыстық,
Туған елдің түтіні.
Тұсады мені пенделік,
Ғайып боп көзден тәтті арман.
Жиырмада жаным өртеніп,
Жиырмада шашым ақ шалған.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Жамбыл Тараз.- 2018.- 11 мамыр (№38).-11 б.