Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН»: КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІ

   

«БРОДКАСТИНГ»  ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

   Цифрлық дәуірге қадам басқан кезеңде кез келген салада жаңа технологияларға деген қажеттіліктің артуы заңдылық. Тіпті кітапханалар жүйесінде цифрландырудың маңызы зор. Біріншіден, бұл оқырмандардың сұранысын өтесе, екіншіден құнды кітаптардың көпшілікке қолжетімділігін арттырады. Осы тұрғыдан алғанда Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ашылған 30 адамға арналған «Бродкастинг» және 10-ға жуық компьютерлер мен 6 моноблок қойылған электронды залдарының уақыт талабына сай қолға алынған бастама екенін айту керек.
   Бұл – «Нұр Отан» партиясының өңірлік филиалы мен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арасында жасалған меморандум негізінде жүзеге асқан жоба. Оның тұсаукесер рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысты. Жаңа ақпараттық технологиялармен жабдықталған залдар оқырмандарға өте қолайлы екен. Мұнда кітапхана қызметкерлерінің де жұмысын бір жүйеге түсіруге үлкен мүмкіндік қарастырылған. А4 форматындағы 3D принтерлер, моноблоктар, тағы басқа құрылғылар, жоғары жылдамдықты интернет желісі – іздегенге-сұрағанның нақ өзі. Осы жобаны іске асыру үшін ортақ келісімге қол қойған көшбасшы партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев көпшілік үшін электронды жүйенің тиімді екенін айтады.
 – Елбасының тапсырмасына сәйкес қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Нұр Отан» партиясы 10 стратегиялық жобаны белгіледі. Соның ішіндегі ең маңызды мәселелердің бірі – цифрландырылған партияға көшу, сондай-ақ жастарға ақысыз ІТ сыныптарын ашу, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды ақпараттық технологиялар орталығында оқыту қолға алынуда. Ал «Бродкастинг» залы Қазақстанның заманауи кітапханалары жобасы аясында ашылды. Бұл бастама кітапханалар жүйесін цифрландыруды көздейді. Осындай заманауи үлгідегі оқу залдары бар кітапхана жастарды көптеп тартатынына сенім мол, – деді Мұратхан Жүнісәліұлы.
   «Бродкастинг» залында бейнеконференциялар өткізуге мүмкіндік бар. Аудандардағы 10 орталық кітапхана онлайн жүйеде қосылған. Кез келген уақытта облыстық кітапханадағы әріптестерінен кеңес алуға, жылдам байланысқа шығып, керекті ақпараттармен алмасуына болады. «Біздің кітапханада құнды кітаптар сериясына енгізілген 5539 кітаптың электронды нұсқасы жасалған. Сонымен қатар жергілікті ақын-жазушылармен келісіп, 100 кітапты цифрландырдық. Жалпы бүгінгі күні 5639 туындыны электронды форматта оқу мүмкіндігі бар. Қазір өлкетану кітаптарын цифрлық жүйеге көшіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл республикалық және орталық кітапханалар арасындағы байланысты арттыру мақсатында қолға алынуда. Осы арқылы оларда немесе бізде жоқ еңбектерді электронды түрде алмасу жолы қарастырылып жатыр, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинова.
   Жаңа жобаны іске асыру арқылы кітапханашыларда өзге де креативті идеялар туындағаны байқалып тұр. Мәселен, бұрын тек кітап сөрелері сіресіп тұратын абонементтік залда бос кеңістік пайда болып, оған шағын оқу үстелдері қойылған. Оқу залында таппаған туындыны осы жерден қарап, қажетті мәліметті қойын дәптерге түртіп алуға болады.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Ақ жол. - 2018. - 31 мамыр (№62). – 2 б.

 

 

 

 

Яндекс.Метрика