Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен белгілі қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы жастармен кездесті
«Көркем сөздің көсемі – Көсемәлі Сәттібайұлы» деп аталған кешке КСРО Журналистер одағының мүшесі Әскербек Құйқабаев, ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі Үміт Битенова, жазушының замандасы Пернебек Оспанов қатысты. Кеш барысында қаламгердің «Сумен жазылған өлең» кітабының тұсауы кесілді. Талас ауданы расында ақындар мен абыздар, небір сала дүлдүлдері шыққан мекен. Рухани шарада таластық «Көңілашар» триосы Нарша Қашағановтың «Таласым менің» әнін тамылжыта шырқаса, аталмыш ауданның тумасы Гауһар Әбілжан белгілі күйші Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқымын» қара домбыра шанағында сарнатты. Ал қаламгер шығармаларынан үзінді келтірген Жанерке Ошақбай, Аяулым Қанжан секілді оқушылардың көркемсөз оқу шеберлігіне қонақтар тәнті болысты. Сондай-ақ кеште Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясының оқушылары жазушының «Шеткері үйдің жарығы» шығармасынан үзінді оқып, түйгендерін ортаға салды.
– Бесінші сыныпта оқып жүрген кезім болса керек, жаңажылдық кешке 2 шумақ тақпақ жазып, ұстазым Есалы Қырықбаевқа ұнады. Міне, сол кезден бастап ұстазым шығармашылығыма демеу беріп, тәрбиелей бастады. Осылайша шығармашылық жолға келдім. Шығармасының оқылымы артып, ізденісте болу – әдебиет әлемінде жүрген адамдардың бақытты кезеңі. «Шеткері үйдің жарығы» еңбегім 1990 жылдары жазылып, 30 жылдан кейін қайта тіріліп отыр. Шығармадағы мәселе өзекті де, өлмейтін тақырып. Жастар осындай кездесуді ешқашан ұмытпайды деген ойдамын. Кейін үлкен азамат болып, елге беделді қайраткер болған кезде де, осы мектеп тілімен айтсақ тәрбие сағаты ешқашан саналарынан өшпейді. Біздің балалық шағымызда да осындай кездесулер болған, ұстаздарымыздың жасаған өнегелі, мазмұнды кештерін естен шығарған емеспіз. Демек, рухани мол мұра қалдырар мұндай шаралар ұрпақтан - ұрпаққа жалғасатын болады, – дейді қаламгер. бүгінгі күнге дейін 15-тен астам публицистикалық кітап жазған Көсемәлі Сәттібайұлының шығармалары ХХІ ғасыр әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалар. Кеш барысында шараның құрметті қонақтары да жазушы жайлы тереңнен толғап, шығармасы төңірегінде өрелі әңгіме өрбітті. Тағылымды кездесу соңында Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинова қаламгерге шығармашылық табыс тілеп, алғысын білдірді.
ТОЛҒАНАЙ АТАБАЙ
Жамбыл Тараз.- 2018.- 1 маусым (№45).- 6 б.