Күй атасы атанған Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына биыл 200 жыл толуына орай Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылым кітапханасында «Күй атасы – Құрманғазы» атты күй тартыс кеші өтті
Ұлтымыздың ұлттық мұрасын әлемге паш еткен тұлғаның өнерін насихаттау арқылы жастарды патриотизмге тәрбиелеуді мақсат еткен кешке Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері – Гауһар Қалдахметова, Бақытжан Жанұзақ, Асқар Жанұзақов, Ерболат Әлімқұл қатысты.
– Халқымыз үшін Құрманғазы десе күй, күй десе Құрманғазы еске түсетін, бір-бірімен астасып кеткен егіз ұғым. Құрманғазының шығармалары – күй тілімен жазылған қазақ өмірінің шежіресі. Әр күйінің тарихы бар. Оның шығармалары әлемге танымал музыкатанушылардың айтуы бойынша, өзінің құдіреттілігі мен алуан мазмұндылығы жөнінен әйгілі композиторлар бах, Моцарттың шығармаларынан еш кем емес. Сондықтан қазақтың ұлттық өнерін әлемге танытқан тұлғаның мерейтойы аясында облыста өткізіліп жатқан семинар, байқауларға колледж студенттері де белсене қатысып, күй өнерін орындауда жоғары деңгейден көрініп жүр. Алдағы уақытта облыстық деңгейде Құрманғазы күйлерінен «Домбыра пати» өтеді. Ұлтымыздың төл өнерін насихаттауда мұндай іс-шаралардың жастарға берері мол, – деді абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Төрехан Курпебаев.
Күйші-домбырашылар Құрманғазының «Төремұрат», «Терісқақпай», «Адай», «Балбырауын» сияқты төкпе күйлерін орындап берді. Қазылар алқасы домбырашылард күйді орындау шеберліктеріне қарай бағалады. сөйтіп күй тартыс кешінде Ерболат Әлімқұл бірінші орынды иеленді. Ал екінші орын Асқар Жанұзақовқа бұйырса, Бақытжан Жанұзақ үшінші орыннан көрінді. Кітапхана қызметкерлері жеңімпаздарды марапаттап, сый-сияпат жасады.Кеште Жамбыл едициналық колледжінің және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері Аружан Қуат пен Назерке Исрайыл күй атасына арнаған арнау өлеңдерімен көрермен қауымды бір сілкінтті. Кеш қонағы кітапхананың тұрақты оқырманы, ардагер ұстаз Кеңес Дабылбеков жастарды Құрманғазының күйлерін, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үнін дәріптеуге, ұлтжандылыққа шақырды. Сондай-ақ көрермендермен сұрақ-жауап ойыны ойнатылып, белсенділік танытқан студенттерге сыйлықтар берілді. Кеш соңында жиналғандар әулескер күйшінің шығармалары, шәкірттерінің мұрасы қойылған кітап көрмесін тамашалады.
ШЫНАР АСАНҚЫЗЫ
Жамбыл Тараз.- 2018.- 1 маусым (№45).-6 б.