Жамбыл облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында мерзімді басылымдар секторы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Теңге: кеше, бүгін»
тақырыбында брейн-ринг өтті
Ұлттық валютаның қолданысқа енгеніне 25 жыл толуына орай ұйымдастырылған шарада төл теңгенің тарихы жайлы тереңінен түсінік беріліп, кез келген ұлттың өткені мен болашағын бейнелейтін заңды төлем – әр ұлттың валютасының ерекшеліктеріне орай бейнероликтер көрсетілді. Шарада алғашқы болып сөз алған М.Х.Дулати атындағы ТарМУ оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сейдахан Бақторазов:
– Алғашқы теңгелерді қыпшақтар басып шығарған. Онда «Түркеш қағанның тәңгәсі» деп жазылған. Араға 13 ғасыр салып, өз теңгемізге қайта оралдық. Қазақ даласында теңгенің рөлі малдың рөлінен төмен болды. біздің теңге алтын болғандықтан, байлар ат басындай алтынды сақтап отырған. Бұрынғы уақыттың бастамасында бір қой бір күміс сом болса, кейінгі уақытта 10 сомға жетті. сиырдың құны 15 сом болды, – дей келіп, хандардың өз заманындағы ас-ауқат, азық-түлігі мен тұрмысына қажеттіліктен туындаған шығыны мен кірісі жайлы сөз етті.
Одан кейін сөз алған облыстық тарихи өлкетану музейі экспозициялық көрме бөлімінің экскурсоводы Лаура Байтұрсынова күміс теңгелердің шығу тарихына тоқталып өтті. Сондай-ақ облыстық музейде сақталған теңгелер жайлы да сөз қозғады. – 85 жылдық тарихы бар біздің музейде 65 мыңнан астам жәдігер жинақталған. Оның ішінде арнайы шығарылған мерекелік күміс теңгелер де бар. Музей қорын толықтыру мақсатында мұндай жәдігерлер 2010 жылы Ұлттық банктен сыйға тартылған болатын. Сонымен қатар музей қорында Қараханид, самарқанд, Түргеш тиындары мен өзге де ұлт өкілдерінің ақша белгілері сақталған, – деді Лаура Ерғалиқызы.
Жиын барысында кітапханашылар «артық болмас білгенің» айдарымен теңге мен тиындарға қатысты қажетті ақпараттар мен қызықты деректерге тоқталып, ақшаны қалай үнемдеу керектігін және дұрыс жұмсап үйренудің жолдарын айтты.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар қатысушыларға теңге төңірегінде сан алуан сауалдар қойып, соңыра «сиқырлы сандықша» ойынын ұйымдастырды.
ҚҰРАЛАЙ СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ
Жамбыл Тараз.- 2018.- 30 мамыр (№44).-6 б.