Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

ОНЛАЙН және ОФЛАЙН

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру және кітапханашылар арасында тәжірибе алмасу мақсатында  «Рухани жаңғыру: жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда оқырмандарға қызмет көрсету» атты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің кітапханадағы күндері  өтті.

Кітапханашылар тәжірибе алмасуда заманауи құралдарды кеңінен пайдалануда

      Облыстың бас кітапханасы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына 10 ауданның алғашқысы болып  Жамбыл аудандық орталықтандырылған  кітапханалар жүйесінің кітапханашылары  «Рухани жаңғыру – ұлттың болашағы» кітап көрмесі, слайд-тұсаукесер және көрме-инсталляциясы мен «Өз өлкеңді сүй, тарихыңды құрметте» атты интеллектуалды квест ойынмен келсе,   Жуалы ауданының кітапханашылары  Жуалы ауданының 90 жылдығына арналған «Тарихы терең, еңбегі ерен Жуалы» тақырыбындағы кітап көрмесі мен «Өркені өрісті, ертеңі келісті» тарихи круиз форматында ұйымдастырылған іс-шарасын ұсынды. Сондай-ақ «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген « Бурное ірімшік зауыты» ЖШС-нің директоры Әбдібек Пошкаевпен кездесу ұйымдастырды.             

      Өз кезегін Байзақ  ауданының кітапханашылары аудан тарихына тоқталып, Байзақ датқа туралы шағын көрініс көрсетіп, Байзақ ауданының құрметті азаматы, ақын-сазгер Қ.Нарбатыр өз шығармашылығынан өлеңдер оқып,  Байзақ ауданының тарихынан, жазушылары мен ақындарының еңбектерінен сыр шертетін  «Тарихы терең, қойнауы кең өлке» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасаса, Меркі аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері әріптестерінің назарына «Кітап. Ел. Рух» атты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әдеби монтаж, «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына арналған «Жыл таңдауы» тақырыбында ақпарат,  Ш.Құдайбердіұлының шығармашылығы негізінде ұйымдастырылған «Жол табалық ақылмен» поэтикалық марафон, даңқты қолбасшы Б.Момышұлының батырлығы мен жазушылық ерлігіне арналған «Дархан даланың данышпан ұлы» библиоашар, өмір жасының тең жартысындай бөлігінде ауыр дертпен арпалыса жүріп, рух ерлігінің ерен үлгісін көрсеткен үлкен жүрек Н.Келімбетов туралы «Болашаққа үміт, жастарға сенім» әдеби қойылым, тақырыптық виртуалды кітап көрмесі мен «Бәріміз бірге ойланайық!» әдеби аукцион секілді бірнеше түрлі форматтағы іс-шаралардан құрылған «Рухани тарихымызды жоғары бағалаған ойшыл тұлға, қайсар қаламгерлер» атты  іс-шаралар топтамасын ұсынды.

        Т.Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кітапханадағы күндерін «Құт береке дарыған, киелі менің - Құланым» атты керуен көшімен жалғады. Керуен «Өткені өнеге, бүгіні бекем, болашағы жарқын –Т.Рысқұлов ауданы», «Киелі менің -  Құланым»,  «Тұғыры биік, өнері өнеге, елеулі есімдер», «Ел  ағасыз болмайды», «Құлан өңірі – өнер өркениетінің тірегі»,   «Кітапхана - ғажайыптар мекені» атты  6 кезеңнен тұрды. Әр кезең бойынша кітапханашылар таныстырып, Құлан өңірі туралы белгілі ақындардың сөзіне жазылған әндер шырқалды. Іс-шараға Т.Рысқұлов ауданының құрметті азаматтары  Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық  «Алаш» әдебиет сыйлығының иегері, ауданның «Құрметті» азаматы, «Атажұрт», «Кешіккен көктем», «Көксеңгір», «Гүлстан» атты жыр жинақтарының авторы  Қуаңдық Шолақ,  журналист  Сейсен Қожеке қатысып, аудан тарихы, жалпы мәдениеті, әдебиеті туралы кең көлемде әңгіме өрбітті. Ақынның өлеңдері оқылды.

         «Рухани жаңғыру: жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда оқырмандарға қызмет көрсету» атты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің кітапханадағы күндерін Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Қордай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай  «Өткені – сырлы,   ертеңі - нұрлы  Қордай»  атты  әдеби-танымдық  кешпен жалғастырды.

            Кеш барысында кітапханашылар Қордай ауданының тарихынан сыр шертіп, Ойжайлау, Сұлутөр, Әулие Шоқы сияқты көк тіреген таулары, Отар, Аңырақай, Жазиралы, Шу Қарақоңыз, Майбұлақ, Қалғұтты, Ұзынсу, Ешкілідей өзен – сулары туралы айтып,   Қордай жерінен шыққан қоғам қайраткерлері, ақын-жазушы, зиялы қауым өкілдерінің өмірбаяндарына тоқталды.

Кешке  Қордай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Сейілханов қатысып, Қордай жері туралы келелі әңгіме өрбітіп,  Қордайлық зейнеткер А.Иманалиев өз   шығармашылығынан  «Қордай вальсін»  орындап,   Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауының лауреаты, Кенен Әзірбаев атындағы республикалық ән байқауының «Алтын     адам» сыйлығының иегері,  Мәдениет саласының  үздігі,  Алматы облысы Ақсу ауданы, Жамбыл облысы Қордай ауданының құрметті азаматы, әнші Қ.Қожағазина әнімен кештің көркін қыздыра түсті.  Қордай аудандық орталық кітапхананың тұрақты кішкентай оқырманы А.Сакен белгілі ақындардың  өлеңдерін оқыды.

      Талас аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері әріптестерінің назарына «Көркемсөздің Көсемі – Көсемәлі Сәттібайұлы» тақырыбында Талас өңірінен шыққан жазушы, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты К.Сәттібайұлымен кездесу кешін ұсынды. Кеш барысында жазушының «Сумен жазылған өлең» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

       Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Төле би Әлібекұлының туғанына 355 жыл толуына орай  «Ұлтымыздың данагөй абызы»  атты әдеби музыкалық композиция,  Қазақстан Республикасының суретшілер одағының мүшесі, Шу ауданының азаматы   «Мерейлі отбасы 2018» байқауының жүлдегері  Қали Қораласбаевтың туындыларынан,   Шу аудандық кітапхананың  «Руханият» әуесқойлар клуб мүшелерінің қол өнерлер бұйымдарынан көрме,  «Шоқтығы биік Шулықтар»  атты фотогалерея,  Төле бидің  355 жылдық мерейтойына арналған кітап инсталяциясы, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған «Жұлдызды қала Астана» кітап көрмелерін ұсынды.

      Кезекті кітапхана күнін Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі  Сарысу ауданының құрылуының 90 жылдығына «Шежіре тұнған, асылдар туған  - құт мекен» атты  әдеби керуенмен жалғастырды.   Сарысу ауданының кітапханашылары  әріптестер назарына тарихи жолы сан тарау,тағдырлы соқпағы күрделі де қиын, бүгінгісі  баянды, келешегі  кемел Сарысу ауданының тарихынан сыр шертетін «Самғатқан сан қыранды туған өлкем» кітап көрмесі,   «Шежірелі Сарысу» деректі фильм. «Туған елге, ақ тілек!» атты лебіздер  легі, кітап тұсаукесерін  ұсынды. Әдеби керуенге Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Республикалық және Халықаралық әдеби конкурстардың  сегіз  дүркін  лауреаты, «Дарабоз» сыйлығының  иегері, белгілі жазушы, шежіретанушы, журналист Сарысу ауданының  Құрметті азаматы  Пернебай  Дүйсенбин,   Жамбыл облыстық ауруханасының бас дәрігерінің хирургия жұмыстары жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының докторы профессор, Қазақстан Журналистер одағының  және Нью-Йорк академиясының мүшесі, жоғарғы санатты дәрігер-хирург  Сарысу ауданының Құрметті азаматы  Сағындық  Ордабеков,  жас  ақындар   Асылхан  Зауал-Маханұлы  және  Асхат  Зауал-Маханұлы, облыстық «Арай» газетінің директор-редактор  орынбасары Т.Сұлтанбек  қатысты.

    «Рухани жаңғыру: жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда оқырмандарға қызмет көрсету» атты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің кітапханадағы күндері Мойынқұм аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханадағы күнімен мәресіне жетті.  Мойынқұм аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұлан-асыр Бетпақдала, Мойынқұмның тарихын, мәдениетін паш ететін  «Тарихы терең, еңбегі ерен - Мойынқұм» атты әдеби композициялық кешті әріптестер назарына ұсынып,   іс-шараға мәдениет қайраткері, Мойынқұм ауданының «Құрметті азаматы», Алтын аймақ кітабының авторы Нұркүл Оспанбекова мен Сатыбалды Досымбек, ауданның «Құрметті азаматы», ұзақ жылдар кітапханашы қызметін абыроймен атқарған Гүлжаһан Рысқұлова қатысты. Кітапханашылар Мойынқұм жерінің тарихына тоқталып, слайд көрсетіп, кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасады. Іс-шараны облыс, қала кітапханаларының қызметкерлері офлайн, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелері онлайн жүйесінде тамашалап, пікір алмасты. Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры «Рухани жаңғыру: жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда оқырмандарға қызмет көрсету» атты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің кітапханадағы күндеріне атсалысқан барлық әріптестерге ризашылығын білдірді.

Гүлнұр Алтынбекова

Арай. – 2018. – 5 шілде (№27). – 8 б.

 

 

 

Яндекс.Метрика