Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған…

     Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында ІТ қызмет көрсетуді дамытуға ерекше көңіл бөлгені белгілі. Бұл мәселе «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында да айтылды. Нәтижесінде еліміздегі аудандық, ауылдық кітапханалардың қоғаммен байланысу кеңістігі ұлғайып, жаңашыл бастамалар жүзеге асып келеді.

      Бұл өзекті мәселе облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің де жіті бақылауында. Сондықтан облыс аумағындағы мемлекеттік кітапханаларда цифрландырылған ақпараттық және коворкинг орталықтары ашылып, тұрғындарға қызмет көрсете бастады. Қазіргі уақытта 32 кітапхана мобильді стандартқа көшірілген. Атап айтқанда, 1 бродкастинг залы, 8 коворкинг және 23 цифрландырылған ақпараттық орталық бар.

     Енді осы құндылықтарға жеке-жеке тоқталсақ. Бродкастинг – бірлесіп жұмыс жасау үшін қоғамдық кеңістік ұйымдастыру, білім және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, тығыз қарым-қатынас, шығармашылық және өзара түсіністікті орнату ізденісіне әлеуетті жұмылдыруға, тұрғындар арасын нығайту, оларды әлеуметтік белсенділікке шақыруға бағытталған көпфункционалды коворкинг орталығы. Мұндай талапқа сай орталық әзірге Ш.Уәлиханов атындағы орталық әмбебап-ғылыми кітапханасында ғана бар. Орталық жергілікті тұрғындарға семинар, іскерлік кездесулер, шеберлік сыныптар, жеке жетістіктер тарихымен бөлісуге арналған түрлі кездесу кештерін өткізеді. Сондай-ақ сұранысқа байланысты заңгерлер, қаржыгерлер, ғалымдарды қатыстырып, тегін кеңес беруді ұйымдастыра алады.

Коворкингтің көкжиегі кең

      Ш.Уәлиханов атындағы орталық әмбебап-ғылыми, Жуалы, Талас, Меркі аудандық орталық, Тараз қалалық Абай атындағы орталық кітапханадан және осы кітапхананың М.Әуезов атындағы және №6 филиалдарынан, Жамбыл ауданы Айша бибі ауылдық кітапханасында коворкинг орталықтары қызметіне кірісті. Ш.Уәлиханов атындағы орталық әмбебап-ғылыми кітапханасының директоры Эльмира Абдинованың айтуынша, аталған орталықтардың ашылуы оқырмандарға жаңа серпіліс, қуаныш сыйлап отыр. Осыдан кейін кітапханаларға келушілер саны арта түскен.

      Мәселен, Айша бибі ауылдық кітапханасындағы коворкинг орталығында 93 адам түрлі үйірмелерге қамтылған. Мұндай жетістікке Жуалы, Меркі аудандары да жетіп отыр. Талас ауданындағы коворкинг орталығында сапалы компьютерлер, тегін интернет желісіне шығу мүмкіндігі – WI-FI аймағы бар. Бірлескен іс-шара жоспары құрылып, аудан халқына Еgov бағдарламасының қызмет түрлері ұсынылуда. Оқырмандар үшін WI-FI, ноутбук, жарық бергішпен қамтылған, қызмет түрлері тегін қарастырылған. Мұнда офлайн-онлайн форматында республика, облыс, қала деңгейіндегі түрлі сала мамандарының қатысуымен іс-шаралар өткізу, пікір алмасу, жүздесу, еркін ой бөлісу, семинар-тренинг, шығармашылық жұмыспен айналысуға мүмкіндік бар.

Ауылдағылар енді алысқа әуре болмайды

     Цифрландырылған ақпараттық орталықтар ауылдық жерлерде де ашыла бастады. Байзақ ауданындағы Түймекент және Дихан ауылдық, Жамбыл аудандық, Гродеково ауылдық кітапханаларында, Тараздағы ОККЖ М.Әуезов атындағы, №5, №6 филиалдарында осындай жүйе қолға алынды. Жуалы аудандық, Нұрлыкент ауылдық, Қордай аудандық, Әлжан ана ауылдық, Мойынқұм аудандық, Т.Рысқұлов аудандық, Көкдөнен ауылдық, Сарысу аудандық, Жайылма ауылдық, Талас аудандық, Есейхан ауылдық, Шу аудандық, №2 Шу қалалық, Бірлікүстем ауылдық кітапханаларында цифрландырылған ақпараттық орталықтар халыққа қызмет көрсете бастады. Цифрландырылған ақпараттық орталыққа келушілердің басым бөлігі – жастар. Оларға емтиханға дайындалуға, дипломдық жұмыстар жазуға, шығармашылық жобалар құруға, жалпы, интернеттен ақпарат іздеуге барлық мүмкіндіктер жасалған. Ғаламторға қосылған компьютер, сканер, принтер, скайп пайдаланушылардың жайлы жағдайда тегін интернет желісіне шығу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ бұл орталық тұрғындарға е.gov kz порталы арқылы 7 түрлі қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, мекен-жайлық, неке туралы өтініш, зейнетақы қоры анықтамасы, балабақшаға кезекке тұру, жылжымайтын мүліктер, азаматтың сотталған немесе сотталмағаны туралы анықтамаларын алуға болады. Міне, бұл жағынан тұрғындарға өте тиімді. Осы орайда Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Қожаназаровамен тілдескен едік.

      – Аудан әкімінің ықпалымен жергілікті бюджеттен цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашуға 3 миллион 800 мың теңге қаражат бөлінді. Біз 3 736 тұрғыны бар Жайылма ауылдық округінен, 1800 тұрғыны бар Әшір Бүркітбаев ауылынан осындай заманауи орталықтар аштық. Тұрғындар дән риза. Олар енді бір құжатқа бола Жаңатасқа сандалмайды. Мәселен, Е.gov kz порталы арқылы 7 түрлі қызмет түрін алып, түрлі анықтамаларға қол жеткізе алады. Осындай орталық ашылған кітапханаларда оқырман саны да артып отыр. Тәулігіне 50-60 адам осы қызметті пайдалануда, – дейді ол. «Бұл – өте қуанышты жаңалық. Цифрландырылған ақпараттық орталықтан қажетті анықтаманы жылдам алуымызға қол жетті. Кезек деген жоқ. Жайылмадағы кітапхананың 2003 жылдан тұрақты оқырманымын. Амангелді Есмаханов деген қатарласым бар. Сол екеуміз осында үнемі келеміз. Жастарға да қолайлы», – дейді Жайылма ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Сайлау Ержанов.

       Еліміздің түкпір-түкпірінде ашылып жатқан коворкинг орталықтар жергілікті тұрғындардың бос уақытын мазмұнды әрі тиімді өткізуіне жан-жақты мүмкіндік береді. Коворкинг – ағылшын тілінен аударғанда бірге жұмыс істеу деген мағынаны білдіреді. Яғни кітапханадағы коворкинг орталығы бұл ұжымдық жұмысқа, қызықты әрі пайдалы демалысқа арналған коммуникативтік алаң десе болады. Кітапханадағы коворкинг орталық ауыл халқының сүйікті орындарына айналатыны сөзсіз. Осындай орталықтар жастарды кітап оқуға тартып, жаңа технологиялар дамыған ғасырда жастардың заман көшіне ілесуіне ықпал жасайтыны анық. Өңірімізде жыл соңына дейін тағы 33 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылады деп жоспарлануда.

 

Есет ДОСАЛЫ        

Ақ жол. – 2018. – 20 қазан (№122). - 4 б.

Яндекс.Метрика