Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

«Өлең Кие — бабалардан алмасқан, Өлең Рух — ұрпақтарға жалғасқан»

    Соңғы уақытта ақын-жазушылардың құрметіне арналған әдеби кештер Әулиеатада жарасымды жалғасын табуда. Сол қатарда сондай ілкімді іс-шараның бірі Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры әрі республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі, халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Хамит Есаманның «Құландағы қара өлең» поэзиялық кеші де шалқар шабытпен өтті.

«Ұлы ойларын жария етпей кісіге, Араласпай Адамзаттың ісіне;

Содан...

Содан жазып бітті бір өлең,

    Бірақ өзі еніп кетті ішіне» деп ақын Хамит Есаман жырлағандай, түн тыныштығына оранып, әлем мызғып жатқанда шабыттың шалқарында аласұра айтарымен алысып жататын ол-ақын жаны, ақынның толғанысы. Осындай қара өлеңнің құдіретіне бойлаған талантты қаламгерлерге тиісінше халқынан да ықылас пен алғыс азайған емес.

    Ақынның шығармашылығын  жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің қолдауымен өткен шара өзі туған өлке Құлан жерінде ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында ұйымдастырылған кешке белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Дәутайұлы, облыстық «Знамя труда» газетінің директор-Бас редакторы Бекет Момынқұл, облыстық «АРАІ» жастар газетінің директор-Бас редакторы Дәулет Төленді, аймақтық «Jambyl» телеарнасының директоры Жасұлан Әбдіманап, республикалық «Жас Алаш» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Нұрболат Әлдибек, «AQ JOL» газеті бас редакторының орынбасары Асхат Райқұл, аталмыш басылымның бөлім редакторы Табиғат Абаилдаев қатысты.

    Әдеби кеште алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов Хамит Есаманның ақындық қырына тоқталып, ыстық ықыласын жеткізді. Одан кейін жазушы Несіпбек Дәутайұлы сөз тізгіндеп, бүгінгі әдеби ортаның ахуал-әлеуетін сөз етті. Әдеби кештің аясында ақынның жалынды жырларын жас буын - облыстық, республикалық жарыстарда жүлде еншілеп жүрген мектеп оқушылары жатқа оқып, жиналған жұрттың қошеметіне бөленді. Ал Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Жәнібек Әміреев ақын ағасына деген өзінің «Арнау» өлеңін оқып, өзіндей талапты ізбасар інісінің өсіп келе жатқандығын көрсетті. Рухани шарада ақынның өзі де өзекжарды өлеңдерін оқып, оқырман қауымның қойған сұрақтарына жауап берді.

 

Тұрар Рысқұлов ауданы

Арай. – 2018. – 6  желтоқсан (№49). – 16 б.

Яндекс.Метрика