Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Кітапханашылар сынға түсті

    Тараз қалалық мәдениет үйінде Шоқан Уалиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен сала қызметкерлері арасында «Кітапханашы-ХХІ ғасыр: Жыл маманы» атты облыстық байқау өтті.

    Сайысты облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зұбайра Сембина сөз сөйлеп ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

    Жалпы, бәсекеге аудандық орталықтандырылған кітапханалардан барлығы 9 қызметкер қатысты. Сайыс барысында үміткерлер «Кітапханашы - мәртебелі мамандық», «Не үшін мен өз мамандығымды сүйемін?», «Таныс болайық», «Ширату», «Өнерлінің өрісі кең», «Кітапхананың ақпаратық ресурстары» және «Ас-адамның арқауы» атты кезеңдер бойынша бақ сынап, біліктіліктерімен қатар, өнерден де кенде емес екендіктерін көрсетті. Әсіресе, алғашқы бөлімде қатысушылар өздері мен мамандықтарын арнайы бейнероликтермен, өлең шумақтарымен, тіпті мың бұрала билеп, әнмен әрлей таныстырды.

    Байқаудың қорытындысында озық ойы мен кәсіби біліктілігін танытқан Талас аудандық кітапханасының кітапханашысы Д.Серікбаева бас жүлдені жеңіп алса, Жуалы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері А.Алтайбекова бірінші орынға ие болды. Ал, Сарысу ауданының жарысқа үкілеп қосқан үміті А.Постаева жүлделі екінші орынға қол жеткізсе, үздік үштікті Тұрар Рысқұлов ауданының кітапханашысы М.Керімбаева түйіндеді.

   Сайыс соңында жеңімпаздар арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

                                                  

Елдар Боранбек

Арай. – 2018. – 6  желтоқсан (№49). – 16 б.

Яндекс.Метрика