Жамбылская областная универсальная научная библиотека им. Ш. Уалиханова

Ынтымағы жарасқан отбасы

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өнері мен өмірі үйлесім тапқан Қамбатыровтар әулетімен кездесу өтті.

 

     «Ынтымағы жарасқан отбасы» тақырыбында өткен кездесу ыстық ықылас пен ізгілікке толы әсерлі әнгіме құшағында өрбіді. Қамбатыровтар әулетінің отағасы Ербол - айтыс аланында тапқырлығымен танылып, күні бүгінде қадірлі ел ағасына айналған атпал азамат. Отанасы Үміт - нәзік жүрегіне жыр тұнған ақын, әуелеген әннің құдіретін сезінген сазгер. Бүгінде осы әулеттен өрбіген ұл-қыздың осалы жоқ. Барлығы өнерден құр алақан емес. Әсіресе, бұл отбасы сөз қадірін бағалайды. Шаңырақтын қос дариясы Ербол мен Үміт отбасы құндылығы, ілтипат пен ізет, жанұядағы сыйластық туралы әңгіме өрбітті.

    - Біз жанұямызда үш перзент тәрбиелеп өсірдік. Туып-өскен жеріміз - Талас ауданы, Үшарал ауылы. Жұбайым екеуміз 3 жасымыздан бір балабақшада тәрбиеленіп, Үшарал орта мектебінде 10 жыл бір сыныпта оқыдық. Кейін жанұя құрдық. Бүгінде жанұя құрғанымызға 32 жылдың жүзі болды. Біз отбасын құрған 32 жылдын бар-жоғы 2-3 ай көлемінде ғана бөлек жұмыс істедік, қалған уақытта бір мекемеде қызмет істедік. Бұл күңде Үміт менін досым, жұбайым, ен асыл адамыма айналды. Менің үш інім бар. Үйде еден жуып, үй жинап өстім. Өзіммен қатар достарым ойнап жүргенде, мен өзімнің кіші бауырларыма қарап қалатынмын. Сондықтан өз балаларыма өзімде болмаған еркін балалықты бердім деп ойлаймын, - деді отағасы Ербол.

    Кеш барысында әні мен сөзін Үміт Қыранқызы жазған «Мама» әнін Абай атындағы жоғары гуманитарлық колледжінің 2-курс студенті Нұрғиса Төребек нақышына келтіре орындады.

    Өнер жолында бірге жүріп, отбасылық өмірде сыйластық пен адамгершілікті жоғары бағалап, бойларындағы дарынды жетілдіруде аянбай еңбек еткен өнегелі отбасының әнгімелері көркем, жанға жылылық сыйлап, үлгі етерліктей әсерлі еді. Балалық шақ, балғын кездің көктемін бірге татып, алға қойған мұрат-мақсаттың жолында биікке бірге ұмтылған ерлі-зайыптының асқақ армандары мен ақжарма тілектері де айтылды.

    - Шын мәнінде, махаббат кемелденген шақта туады. Қыз- келіншектер қырық шырақты. Қыз баласынын жүзінен инабат, мейірім төгіліп тұрса, сол шаңырақтың берекелі болатынынын бір белгісі деп білемін. Әйел нәзікжанды. Ал егер ол шығармашылық адамы болса тіпті қиындау. Себебі қағаз бен қаламды серік етіп жүріп те, үй шаруасын атқару қажет. Яғни шығармашылықпен айналысып жүріп те, әйел екеніңді ұмытпау керек. Бұл - үлкен жауапкершілік, - деді өз сөзінде Үміт Қыранқызы.

 

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Jambyl-Taraz.-2019.- 18 кыркүйек №38 (1535).- 4 б.

 

Яндекс.Метрика