Облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының коворкинг залында белгілі ардагер журналист, тарихшы, мұрағатшы Мақұлбек Рысдәулеттің шығармашылығына арналған бенефис кеші өтті.
Бүгінде өңір шежіресін тереңінен зерттеп, тарих беттерін қайта парақтап, аймақтың жылнамашысына айналған Мақұлбек Қайыпбекұлының еңбек жолы Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерінен басталған. 1991 жылдан «Халық кеңесі», «Заң газеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. 2004 жылдан Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы лауазымында табысты еңбек еткен қаламгер бүгінде облыстық архив мекемесінде өңірдің әр кезеңдеріндегі тың деректерге түрен салып, ізінен ерген ініге өнеге, жастарға жасампаздықтың асқан үлгісін көрсетіп жүр. Ардагер журналистің 70 жылдық мерейтойы аясында өткен бенефис кешіне Сәмен Құлбарақ, Қасымхан Төлендиев сынды қаламдас, қызметтес бауырлары, Сауран Қалиев, Бекнұр Сатыбалдиев сынды інілері, сондай-ақ өңірдегі оқу орындарының студенттері арнайы қатысты. Алғашқы сөзді кеш иесінің өзі алып, балалық шағы мен қаламгерлік жолдағы тағылымды ғұмырынан сыр шертті.
- 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Бітірген жылы елімізде Торғай, Маңғыстау, Жезқазған деген жаңа үш бірдей облыс құрылды. 1973 жылы бітірген студенттердің басым көпшілігін осы өңірлерге жұмысқа жіберді. Мен Жезқазған облысында қызмет істедім. Ол кездегі журналистика бүгінгіден күрделірек болатын. Қазіргідей баспа құралдары болған жоқ. Ақпарат жинау үшін көп жерді аралауға тура келетін. Осы өңірдің орталығынан 600 шақырымдағы ауылдарға іссапарға жиі шығып, тарихқа қызыға бастадым. Осы өңірде шыңдалып, өсіп-өндім. Алғашқы әңгімелерім осы өңірде өмірге келді. Сол жерде аймақтардың тарихына ден қойып, әсіресе Жамбыл облысының өткеніне тереңінен үңіле бастадым. Бәрін қамтыдым деп айта алмаймын. Жеткізе алмаған, жетіспеген тұстар өте көп. Себебі мен тарихшы емеспін. Ең әуелі журналиспін. Сол себепті барлық тарих беттеріне жетерлік деректер таптым деп айта алмаймын. Қазіргі таңда облыс әкімінің қолдауымен көп томдық кітапқа түрлі деректер, халық ауыз әдебиетінің шығармаларын жинап жатырмыз. Бұл көп томдық кітаптың ерекшелігі облысымыздың бар рухани байлығын, тарихын, мәдени мұраларын бір еңбекке жинайды. Келешек ұрпақ өзі туған өлкенің бай мұрасын осы еңбектен табатын болады, - деді кеш иесі.
Мақұлбек Қайыпбекұлының шығармашылықтағы өзіндік стилі, ізденістері жөнінде әріптесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ баяндап берді.
- Мақұлбек ағамыз туралы сөз айту үшін алдымен оның шығармашылығына үңілген абзал. Өзі айтып өткендей, бұл кісі ең алдымен журналист. Сонымен қатар ағамыз тек тарихшы ғана емес, жазушылық қасиетке де ие. Негізінде журналистика мен жазушылық - екі түрлі сала. Жазушылыққа зор ыждағаттылық қажет. Жазушы адамның тағдырын, кейіпкердің образын аша алуы тиіс. Алдында Шерхан Мұртаза сынды аса талантты тұлғалар тұрғаннан кейін Жуалыдан ат оздырып, әдебиет әлеміне аяқ басқан соң, ағамыздың айының оңынан тумауы мүмкін емес еді, - деді Сәмен Оразғалиұлы.
Әсерлі әңгіме, жылы естелік, тағылымды ойлар айтылған кеш барысында кейіпкердің інілері де жазушының маман тәрбиелеудегі әдістеріне, оның өз ісіне деген жауапкершілігіне, тарихқа деген зор ынтасына тәнті екендерін айтып, алғыстарын жаудырды. Өз кезегінде замандас досы Қасымхан Төлендиев көптің алдында жолдасына қазақы дәстүрмен зерлі шапан жапты. Ал шараны ұйымдастыруға мұрындық болған кітапхана ұжымы қаламгерге үкілі домбыра тарту етті. Кеш соңында студенттер қаламгермен өзара сұрақ-жауап алмасып, естелік суретке түсті.
Арайлы Жақсылық,
Жамбыл-Тараз.-2019.- 2 қазан (№ 40).-5 б.