Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Тұғыры биік тұлға

Биыл ҚР халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 85 жылдық мерейтойы.

 

    Осыған орай облыс әкімдігі мен Тараз инновациялық гуманитарлық университеті  бірлескен түрде «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және тәуелсіз ел руханияты» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Танымдық шараға елімізге танымал ғалымдар мен жазушылар, қоғам қайраткерлері қатысты. Конференция жұмысынан бұрын «Қазақтың Шерағасы» жинағының 8-9-10 кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтіп, «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы туралы бейнефильм көрсетілді. Шарада облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен аталмыш университтетің ректоры Ерболат Саурықов құттықтау айтып, жазушыға жылы лебіздерін білдірді. Одан соң тақырып төңірегінде орамды ойлар айтылып, жазушының шығармашылығы кеңінен сөз болды.

    – «Қызыл жебе» – шын мен жалған, адал мен арам, жарық пен түнек, жақсылық пен жамандық, махаббат пен зұлымдық арасындағы бітіспес күрестің зардабын эпикалық кең құлашпен суреттеген роман-эпопея. ХХ ғасыр басындағы қазақ еліндегі саяси-әлеуметтік қайшылықтар роман-эпопеяда шынайы әрі көркем бейнеленген. Роман-эпопеяның негізгі тақырыбының аясында суреттелетін мынадай іргелі оқиғалар тобы бар.

    Мәселен, патша өкіметінің қазақ еліндегі отаршыл саясаты, қазақ жерінде кеңес өкіметінің орнауы, елді ұжымдастыру, ел ішін жайлаған аштық, ел басына төнген сталиндік зұлмат. Осы оқиғалар тобы шегінде суреттелген шындық құбылыстардың әрқайсысына автордың берер бағасының тиісті мәні бар: жақсылық немесе жамандық, ізгілік немесе зұлымдық, әділет немесе қиянат. Роман-эпопеяда суреттелген саяси-әлеуметтік шындық құбылыстардың тобында жеке тұлға немесе тұтас халық үшін тек қана жақсылық, ізгілік, әділеттілік ретінде бағаланған немесе бағалануға лайықты оқиға жоқ. Тарихи кезеңнің шындығының өзі осындай еді. Жазушы тарихи шындықты шынайы қалпында суреттейді, – деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы

    Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» делінген. Осы тұста қаламгердің «Ай мен Айшасы» – ананы, туған жерді, Отанды сүюдің не екенін түйсіндіретін, сол махаббаттың құдіретін сезіндіретін шығарма. Аталмыш еңбек туралы баяндама жасаған филология ғылымдарының кандидаты Болат Боранбай: «Тіл маманы болған соң, Қызылорда облысындағы жер-су атауларының сырына үңіліп жүргесін, «Ай мен Айшаны» оқу барысында Шерхан көкеміздің шығармасындағы атауларға еріксіз назар аударасың. Олай дейтініміз, ішінде жүргендейсің. Бала Барсханның орнында өзің сықылдысың. Біздің өңірде де бар Мыңбұлақ – Шерхан шығармасында түске кіретін Мыңбұлақ.

    Бұлағын санаған адам жоқ шығар, мәнісі – бұлағының көптігінде, жерінің шұрайлылығында болса керек. Мыңбұлақ – ежелгі мекен. Жуалы ауданындағы Теріс өзені алабында орналасқан» – деді. Сондай-ақ жазушы-драматург Елен Әлімжан қарымды қаламгер шығармашылығы туралы мазмұнды дүниелер айтса, жазушы, журналист, «Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты Көсемәлі Сәттібайұлы «Шерханның Швейцариясында» және Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, режиссер Қуандық Қасымов Шер ағаның «Ноқтаға басы сыймаған» драма-элегиясының қойылуы туралы баяндама жасады. Басқосу соңында Ерболат Байұзақұлы «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының алдағы жоспарларымен бөлісті.

       

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                   

 

Яндекс.Метрика