Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

«Бір ел – бір кітап» акциясының тарихы

    «Бір ел – бір кітап» жобаның идеясы АҚШ-та өте танымал болған. Бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік-батысындағы ірі қала Вашингтон штатына қарасты – Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылған. 1998 жылы «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» тақырыбымен алғаш өткізілген акцияның мақсаты – Сиэтл халқының бірлігін нығайту және оларға оқуды насихаттау. Бұдан соң осыған ұқсас мәдени шаралар Чикаго, Буффало, Рочестер қалаларында да ұйымдастырылды.

    «Бір кітап, бір Чикаго» бағдарламасы Чикаго көпшілік кітапханасында басталды. Оның негізгі мақсаты қаланың ересек тұрғындары мен жастарын бір кітапты бір уақытта оқуға және оны ұжым болып - отбасында, жұмыста жолдастары мен таныстары арасында, кітапханаларда, оқу мекемелерінде, кітап дүкендерінде, діни ұйымдарда, кафелерде және басқа да қоғамдық орындарда талқылауға ынталандыру болып табылады. 2000 жылдың қазан айында Чикаго қаласында «Чикагода кітаптар апталығы: Оқуға құмар қала» тақырыбымен тұңғыш рет қалалық фестиваль өтті. Осы фестиваль аясында қоғамдық талқылаумен және авторлар баяндамаларымен бірге кітап тұсаукесерлері, сондай-ақ семинар, экскурсия секілді басқа да шаралар ұйымдастырылды. 7 апта бойы Чикагоның он мыңдаған халқына ауқымды іс жүргізіліп болған соң, американ жазушысы Харпер Лидің (1926 ж.) «Убить пересмешника» (1960 ж.) атты романы талқылауға түсті. Кітап авторы бүкіл әлем мен осы замандық Чикаго үшін өзекті болған толеранттық және нәсілшілдік сияқты маңызды мәселелерді алға тартады. Бүгінде «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы әлемдегі көптеген елдерге кең тараған (Испания, Латын Америкасы елдері және Корея т.б.). Испанияда Габриэль Гарсиа Маркестің 80 жылдығына арнап «Сто лет одиночества» романынан оқу марафоны өткен еді. Қалаушылар романды бірнеше күн бойы үздіксіз дауыстап оқыды. Осы марафонды Испания Үкіметі басшысының орынбасары Мария-Тереса Фернандес де ла Вега ашты. Бұдан дәл 40 жыл бұрын жарыққа шыққан романды 7 бетке сыйғызып айту үшін әрбір қатысушыға 15 минуттан уақыт бөлінген.

    2003 жылы Кореяда бірлесе оқуға негізінен балалар кітабы таңдалды. Бұл жоба одан кейін «Бір кітапхана – бір кітап», «Бір ауыл – бір кітап» деген жобалар түрінде көрініс тапты. «Жаппай оқу оқиғасы» жыл сайын Англияның оңтүстік-батысында өткізіліп тұрады. Мұнда әр жылдың қаңтарынан наурыз айына дейін бір кітап оқуды қолға ала бастады.

    Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған «Бір кітап, бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобаларына негізделген. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс.

    ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы оқу ісін ілгерлету, оқу мәдениеті мен сауаттылықты қалыптастыру, рухани мұрамызды сақтау, ана тілімізге деген қамқорлық көзқарас, сондай-ақ жастарды Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу мақсатында «Бір ел - бір кітап» атты акция жариялады. Акция аясында 2007 жылы еліміздің тұрғындары Абайдың «Қара сөздерін», 2008 жылы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» кітабын, 2009 жылы Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» өлеңін, 2010 жылы Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасын, 2011 жылы Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романын оқыды. 2012 жылы жалпыхалықтық оқуға Оралхан Бөкеевтің Әңгімелері, 2013 жылы  Фариза Оңғарсынованың «Дауа» жыр, 2014 жылы   Сайын Мұратбековтың «Жусан иісі» және «Басында Үшқараның...» атты повестері, 2015 жылы І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, 2016 жылы  Дулат Бабатайұлының шығармалары,  2017 жылы С.Торайғыровтың шығармалары  таңдалып алынды.

Яндекс.Метрика