Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Құдіретті рух, ақиқат пен сұлулық

   Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы қоғам қайраткері, тілтанушы, саясаткер, белгілі ақын, халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовтің 85 жас мерейтойына арналған «Құдіретті рух, ақиқат пен сұлулық» әдеби аншлаг ұйымдастырды.

   Іс-шараға ардагер журналист Қамбар Қойшыбайұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Рахымбайқызы, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры, «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Хамит Есаман, «Дарын» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Базарбай Рысбайұлы қатысып, қоғам қайраткерінің шығармаларындағы зерттеулер, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құрып, Семей жерінде ядролық сынақтарды тоқтату туралы бастамасы, өмір жолындағы ізденістер, тайталасқан тағдырында кездескен кедергілеріне кеңінен тоқталып өтті.

   «АЗиЯ» кітабының шығу тарихы мен адамзаттың ғарышты игеруін жырға қосқан ақынның үлесі де сөз болып, әдебиет пен ғылымды ұштастырған шығармаларын жастарға тереңнен таныстыру керек деген пікір білдірді.

   Одан әрі қатысушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен ақын Олжас Сүлейменовпен онлайн кездесуі кешіне zoom-платформасы арқылы қатысып, Қазақстан Жазушылар Одағының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры, «Egemen Qazaqstan» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Хамит Есаман арда ақын ағасына ізгі тілектерін жеткізсе, ақын, журналист Наурызбек Сарша ақынның «Арғымақ» өлеңін жатқа оқыды.

   М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері де ақын жырларын нақышына келтіре оқып, Олжас Сүлейменов туралы бейнеролик оқырмандар назарына ұсынылды.

 

Яндекс.Метрика