«Парасат жолы» жобасы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп, 31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қасіретті жылдар жаңғырығы» тарих сағатын ұйымдастырды.
Іс-шараға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының профессоры, филология ғылымының кандидаты Темірбай Әліұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Рахымбайқызы, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы Камила Рысбекқызы және кітапхана оқырмандары қатысты.
Тарих сағатын Төле би атындағы №8 гимназиясының оқушысы Ұлжан Жандосқызы саз сырнайдың әсем үнімен ашып берсе, кітапхананың тұрақты оқырмандары қасіретті жылдарда қыршын кеткен құрбандардың құрметіне арналған жыр шумақтарын жатқа оқыды.
Одан әрі тарихшы, әдебиетші ғалымдар тарих беттеріне үңіліп, зобалаң жылдардағы қазақ халқының бастан кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары, аянышты тағдырлары туралы баяндап берді. Сондай-ақ, қазақтың атпалдай азаматтары Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев, Міржақып Дулатов, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Іляс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Санжар Асфендияров және т.б. зиялы қауым өкілдері жайында тың деректемелер айтып, пікір алмасты.
Қатысушылар кейінгі толқын ата-бабаларының қанмен жазылған тарихына құрмет көрсетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу керектігін айтты. Іс-шара соңы «Атамекен» әнімен аяқталды.