Бүгін Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында жуырда Тараз қаласындағы «Рысбаева және Ко» ЖШС баспасынан белгілі өнер қайраткері, театртанушы, драматург, ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлының «Менің заманым және замандастарым», «Менің сырым мен шыным» атты қос кітабының тұсауы кесілді.
Тұсаукесер рәсіміне келген Әлібек Әмзеұлының шәкірттері, бұрынғы әріптестері және замандастары кітап авторына зор денсаулық, жаңа шығармашылық табыстар тілеп, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Осы орайда айта кету қажет, Әлібек Әмзеұлы өткен аптада өзі тұңғыш рет өнер жолын бастаған Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ театрына арнайы ат басын бұрып, театрдың ардегерлерімен және өнер адамдарымен кездесу өткізді және өзінің баспадан жаңа шыққан жоғарыда аталған «Менің заманым және замандастарым», «Менің сырым мен шыным» атты кітаптарын тарту етті.
Өз кезегінде өнердегі әріптестері мен шәкірттері өңіріміздің мәдениеті мен өнерінде есімі үлкен әріптермен жазылып, айтылатын, толағай тірліктер атқарып, өшпес із қалдырып келе жатқан ұстаздары Әлібек Әмзеұлы ағаларына ақжарма ақ тілектерін жеткізіп, ризашылықтарын білдірді.
Әріптестері мен шәкірттері актерлық қызметін сонау 60-шы жылдары бастап, қатардағы артистен облыстық мәдениет басқармасының басшысы қызметіне дейінгі баспалдақтардан өткен ұстаздары - Әлібек ағаның сахна төрінде талай спектакльдер мен драмаларда басты рөлдерді сомдап, жауһар талантымен көрерменін тәнті еткен сәттерін, драматург ретінде дүниеге әкеліп, сахналанған туындыларын, ешкімге ұқсамайтын бірегей қасиеттерін, іскерлігін, талапшылдығын, қара қылды қақ жарар әділдігін, ақиқатшылдығын, мәдениет саласының басшысы қызметін атқарған жылдары көптеген өнер ошақтарының ашылуымен қатар, қаладағы тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, ұлттық салт-дәстүрлерімізді нығайтуға сіңірген айрықша еңбектерін, Әлекеңнің өмірдегі түрлі жағымсыз әрекеттермен күресіп, айқасқан сәттерін еске түсіріп, кездесу барысы осындай әдемі, әсерлі әңгіме-дүкенге ұласты.