Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

"Қазақ әдебиетінің арқары" еске алу кеші

   

   Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Әулиеата өңірінде дүниеге келген  жазушылардың шығармаларын өнеге ету, өмір жолдарын келешек ұрпаққа кеңінен насихаттау, кітап пен оқуды қолдап, ілгерлетуге бағытталған облыстық «Жазушымен бір күн» желілік акция аясында Қазақстан жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалымен бірлесе «Қазақ әдебиетінің арқары» тақырыбында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы, «Қазақ әдебиеті» газетінің проза жанры бойынша сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Дарабоз» әдеби бәйгесінің жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі және Астананың 10 жылдығына арналған медальдардың иегері, жазушы Несіпбек Дәутайұлын еске алу кеші өтті.

   Еске алу кешіне Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Нұрманұлы Жүнісбай, Жамбыл облысының құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Асаубай Майлыбаев, жоғары санатты хирург және денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер жазушы Бекет Момынқұл, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының әртісі Асқарбек Сейілхан, облыстық «AQJOL» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы, әдебиеттанушы Бақытжан Махашев, Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі, ақын, журналист Хамит Есаман, Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков, ҚР Журналистер одағының мүшесі, М.Х.Дулати Тараз өңірлік университетінің «Университет тынысы» газетінің редакторы Ардақ Үсейінова, Жамбыл облыстық  "AR-AI" газеті "Мәдениет және әлеумет" бөлімінің редакторы Нұржан Қадірәлі қатысты.

   Кештің ашылу салтанатында Ерлан Нұрманұлы сөз сөйлеп, «Жазушымен бір күн» акциясының мақсатына тоқталып, игі іс-шаралардың жалғасы ретінде өтіп жатқан Несіпбек Дәутайұлының еске алу кешіне жиналған қауымға жазушының қазақ әдебиетінің тереңге тамыр жайған мол қазынасына қайталанбас «Айғыр кісі», «Құдірет пен қасірет», «Ақ күшік», «Аты жоқ әңгіме», «Мінез» сынды туындыларды қосқан ерекше көзқарастағы жазушының тектілігі мен қабілеті жайында айтып өтті. Сондай-ақ, Ерлан Нұрманұлы өз сөзінде, халыққа ортақ қазына ретінде сақталған бай мұраны өлке тұрғындарының игілігіне айналдыру қажеттігін тілге тиек етті.

   Несіпбек Дәутайұлының замандастары Асаубай Майлыбаев, 50 жылға жуық достық қарым-қатынаста болған Сағындық Ордабеков, кейінгі жылдары Несіпбек ағанының жанынан табылып, пікірлес болған Бекет Момынқұл жазушы жайлы тебіреністі, толғанысқа толы ерекше естеліктерімен бөлісті. Одан әрі қарымды қаламгердің шәкірттері, Әулиеаталық жас ақындар Хамит Есаман, Нұржан Қадірәлі сөз алып, жазушы ағалары Несіпбек Дәутайұлынан көрген тәлім-тәрбие, шапағаты, ағалық жанашырлығы жайында айтып өтсе, Нұржан Қадірәлі жазушының өмірден өткен сәтінде қаламынан туған өз шығармасын оқып, кеш қонақтарының көзіне еріксіз жас алғызды. Әдебиеттанушы Бақытжан Махашев, журналисттер Оралхан Дәуіт, Ахметжан Өзбеков және Ардақ Үсейінова өз-өзіне сынмен қарайтын, шығарма болмысын талғаммен танитын, табиғат дарытқан білім мен сергектік, сезімталдыққа сүйеніп әдеби сеніміне серкеу түсірмеген жазушының кісілік келбеті мен шығармаларына тоқталды. Осылайша тегеурінді тұлға, қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлын еске алу кеші өз мәресіне жетті.

Яндекс.Метрика