Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Жазушымен бір күн» акциясы аясында «Бейнесі сөнбес сәулеге айналған тұлға» тақырыбында белгілі Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі, «Жұлдыздардың жарығы», «Күміс белдік», «Желсаз», «Құс жолы», «Тарих тамырлары», «Көңіл құсы», "Мәңгілік ерлік", "Әбдір Сағынтаев" , "Ерлік ұмытылмайды", "Тәуелсізідік - туымыз!", "Ескерткіштер - ел тарихы" прозалық және тарихи-танымдық кітаптардың авторы, «Құрмет» ордені мен көптеген медальдарының иегері, Мәдениет және Ақпарат министрлігінің Мәдениет қайраткері, Жамбыл облысы әкімінің «Парасат», «Парыз» сыйлығының лауреаты, Қазақтың Салт-дәстүрі академиясының профессоры, Талас, Жуалы аудандарының Құрметті азаматы атанған шынында да - жазушы-журналист Рысдәулет Мақұлбек Қайыпбекұлын еске алу кеші өтті.
Іс-шараға жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан, кейіпкердің туған ағасы Болатбек Қайыпбекұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Сәмен Құлбарақ, аталмыш университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев, филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы, әдебиеттанушы Мақашев Бақытжан, жазушы, журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы, Жуалы ауданы мемлекеттік өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері, инженер, ардагер ұстаз, өлкетанушы Дәулетжан Байдалиев, зейнеткер Башенова Қалдыкул, «Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының» «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамарова, журналист, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның директоры Оралхан Дәуіт, «Тараз каласы мемлекеттік архивінің» директоры Серікбаев Нұрхат, Мақұлбек Рысдаулеттің ұлы Нұрқуат қатысты.
Шақырылған қонақтар Сарыарқа төрінде қаламын ұштап, кәсіпқой журналист ретінде шыңдалған журналист Мақұлбек Рысдаулеттің «Egemen Qazaqstan» газетінен кейін облыстың бас басылымы «Aq jol» газетін басқарып, редакцияға жалынды жастарды жинап, қамқорлық танытқаны, газеттің кескін-келбетін өзгертіп қана қоймай, мазмұнын байытқаны, оқырманға ой саларлық тарихи-танымдық дүниелерге, проблемалық мақалаларға басымдық бергені, ал кейінгі уақытта архив саласындағы еңбектері жайлы әңгіме құрады.