Кітапханада халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру мақсатына бағытталған «ОҚИТЫН ҰЛТ» республикалық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып отырған «Бір өңір – бір кітап» акциясы аясында заңғар жазушы, қазақ әдебиетіндегі орны ерекше, бірегей жазушы Әкім Таразидың 90 жас мерейтойына орай «Асыл сөздің ұстасы» әдеби шеберхана кешін ұйымдастырды.
Іс-шара жазушының шығармашылығын зерделеу айының ресми ашылуы ретінде ұйымдастырылды.
«Әдебиеттің Әкімі» атанған бірегей жазушының қазақ әдебиетіндегі асыл қазынасына қосылған құнды дүниелерін өңір тұрғындары арасында насихаттау, оларды жастарды оқуға баулу, Әкім Таразидың өмірі, еңбектері мен шығармашылышық жолын зерделеуге жастарды жұмылдыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаттары, жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан мен жазушы, журналист Көсемәлі Сәттібайұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, ақын Ғайни Әлімбекқызы мен сан қырлы талант Үміт Битенова, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз Өңірлік Университеті филология және журналистика факультетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев және Қазақстан Жазушылар Одағы Жамбыл облысы филиалының төрағасы, облыстық «AQ JOL» газетінің бас редакторы, ақын, журналист Хамит Есаман, ҚР ІІМ Жамбыл облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметкерлері қатысты.
Қонақтар сонау бір зобалаң жылдарында дүниеге келіп, балалық балдәурен шағы Ұлы Отан соғысының зұлмат жылдарына тап келіп, ел мұңын, уақыт сырын нәзік жанымен ұғып, қолына қалам алған жас жеткіншек қай уақытта да оқырман көңілінен шығып, халық жүрегіне жол таба білген жазушы, ақиқатты бүкпесіз, ашық айтудан айнымаған, жалтақтауды, жалпақтауды білмейтін, дақпыртты, даурыққанды, желпініп-желіккенді жақтырмайтын, өзімен-өзі оңаша болғанды ұнататын, шығармашылық өнерге аса жауапкершілікпен қарайтын дара суреткер, Жамбылдың қызыл жолбарысы секілді көзге көрінбейтін, күндіз-түні қорғап жүретін, қия бастырмайтын, үнемі қамшылап отыратын Бүлкілбайы бар жазушы Әкім Тарази жайлы өз ойларын жеткізді.
Қай жанрға қалам тартса да өз тұстастарына ұқсамауға тырысып, өмір шындығын өзінше бейнелеп, замандастарының қилы-қилы бейнелерін жасап, олардың ішкі жан дүниесін, тұрмыс-тіршілігін, жақсылығы мен жамандығын шығармаларына арқау еткен жазушы туралы бейнеүндеу арқылы әдебиет саласындағы көптеген Республикалық конкурстарда бәйге алып келе жатқан қазақтың ақыны Ұларбек Нұрғалымұлы да егжей-тегжей мәлімдеп берді.
Ал Әкім Таразидің алғашқы кәсіби киногерлерінің бірі ретінде ұлттық кинематография орталығының жұмысын жолға қойып, «Арман-атаман», «Тұлпардың ізі» кинофильмдерін түсіріп, «Қараш-қараш оқиғасы» фильмін жасауға қатысып, жазушы қазақ кино өнеріне қосқан бір төбе үлесі жайлы өз алдына бөлек әңгімесіне арқау еткен кинотанушы, киносыншы, кино тарихшысы, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстан кинематографистер Одағының мүшесі Мұқышева Назира Рахманқызы да өзінің әсерлі бейнеүндеуін жолдады.
Жазушының әңгіме-повестерінде, романдарында өткен ғасырдың 60-90 жылдарындағы өмір шындығы, сол кездегі халық психологиясы, уақыт сыры терең көркемдік шешімін тапқанын кітапхана қызметкерлері жазушы кітаптарына шолу жасау арқылы жиналған қауымға жеткізуге тырысты. Кеш соңында кітапханашылар жазушының қазақ әдебиетіндегі асыл қазынасына қосылған құнды дүниелерін оқып, зерделеуге шақырып, Таразитану айлығын ашық деп жариялады.