Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында мәдениет және қоғам қайраткері, актер, театртанушы, драматург Әлібек Әмзеұлының 70 жас мерейтойына орай «Өнердің қайталанбас тарланы» кездесу кеші өтті.
Мақсаты: талай жылдарғы облыс мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып, өңіріміздің мәдениетінде есімі үлкен әріптермен жазылатын азаматтардың бірі, облыс мәдениетінің мінберінде жүріп, көптеген мәдениет ошақтарының ашылуымен қатар, қаладағы тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, ұлттық салт-дәстүрлерімізді нығайтуда ерекше еңбек еткен тұлға, өзінің актерлық өнері және басшылық қызметтерімен қатар көптеген драмалардың және балаларға арналған киносценарийлердің авторы ретінде танылған шығармашылық өнер иесі, дара тұлға - Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, белгілі драматург, театртанушы, Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалінің иесі, Тараз қаласы мен Талас ауданының Құрметті азаматы Әлібек Әмзеұлының шығармашылығын өңір тұрғындары мен жастар арасында насихаттап, дәріптеу, жастардың бойында рухани құндылықтар мен ұлттық танымдық қасиеттерін қалыптастыру, олардың эстетикалық танымын, мәдени білімін көтеру.
Іс-шараға қатысқан Жамбыл облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мекемелерінің қызметкерлері, Тараз қаласының жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білімгерлері актерлық өнер саласы мен шығармашылық жұмыстарда болсын, мәдениет саласындағы жоғары лауазымды қызметтерде болсын, өзін елі мен жерінің, туған өңірі мен туып-өскен Тараз қаласының өсіп-өніп, көркеюіне және алыстарға танылуына зор үлес қосып, аянбай еңбек сіңірген парасатты жан, білікті басшы, шынайы өнер иесі бола білген қайраткермен жүздесіп, оның өмірі және шығармашылық жолымен тереңінен танысты.
Әлібек Әмзеұлының өзінің, кешке арнайы шақырылған Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, мұрағаттанушы, журналист Мақұлбек Рысдәулеттің қатысушылармен бөліскен естеліктерінің арқасында бұл кездесу кеш қонағының сағымдай самғап өткен жастық шақ, шығармашылығының сағынышты сәттерін қайта оралтқандай көпшіліктің жүрегін толқытып өтті.
Кітапхана қызметкерлері болса кеш кейіпкеріне керемет тосынсый жасап, іс-шараға арнайы Мойынқұм ауданы Айдарлы ауылдық кітапханасында көп жылдар бойы қызмет етіп, 2008 жылдан бері зейнеттегі ардагер кітапханашы Рысқұлова Гүлжахан апайды шақырды. Әлібек Әмзеұлының өңірдің мәдениет саласын басқарған кезіндегі өзінің омырауына тағылғалы тұрған медалін үш жыл бойы ақысыз еңбек етіп, ауылда кітапхананы сақтап қалған осы Гүлжахан апаның омырауына таққан екен. Мінеки содан бері талай жылдар өтіп, кітапхана ұйымдастырған кездесу сәтінен мәре-сәре болған Әлібек аға мен Гүлжахан апай қуаныштарын жасыра алмады.
Кеш соңында кітапханашылар қонағына кезінде өзі дүниеге келуіне тікелей ұйтқы болған, ал бүгінгі күні Тараз қаласының музыкалық эмблемасына айналған «Таразым» әнін тарту етті.