Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру және оқырмандар мен өңір тұрғындары арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында Жамбыл облыстық мемлекеттік кітапханаларында бір мезгілде «Бабалар ұлағаты - ұрпақ аманаты» тақырыбында әдеби дүрбі форматында онлайн интерактивті сабақ өтті. Онлайн интерактивті сабақтың орталығы - Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында кітапхана жанына құрылған «Қаламгер» клубының мүшелері, оқырмандар, Тараз қаласының жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білімгерлері жиналды.
10 аудандық кітапханалар жүйелерінің оқырмандары, қызметкерлері мен өңір тұрғындары онлайн жүйесінде қатысты. Әдеби дүрбі өңір кітапханашыларының бүкіл облыс жұртшылығы, әсіресе жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатындағы акция ретінде жарияланып, Қазақстан патриоты ретінде сезінген кітапхана мамандары осы міндетті ауқымды жүзеге асыруды елі мен халқы, ата-бабалардың алдындағы парызы деп есептейді.
Іс-шара барысында Жамбыл облыстық дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушылары Бекболат Жұмабеков, Сұлтан Сәдуақасов, Абылай Нұрбосынов және М.Х.Дулати атындағы ТарМУ филология факультетінің 1 курс білімгері Юсуп Еламан офлайн режимінде қазақ халқының даналық сөздері мен өлеңдерін оқып, күйлері мен әндерін орындады.
Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас және Шу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің қызметкерлері онлайн байланысқа шығып, сол сәтте өздерінің кітапханаларында өтіп жатқан іс-шараларынан үзінді көрсетті.