Кітапханада екі ғасыр тоғысында өмір сүрген, сал-серілердің соңғы сарқыты, өткен ақын-жыраулар мен әншілерден қалған алтын сынықтай дарабоз өнерпаз, ақын, көрнекті композитор Кенен атамыздың шығармашылығына арналған «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де...» тақырыбында әдеби музыкалық кеш өтті.
Кешке арнайы Кенен атамыздың ұрпағы, Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің әдіскері Кененов Мұрат Көркемжанұлы және келіні Кененова Гулайша Сапарқызы шақырылды. Кеш қонақтары Кенен Әзірбаев туралы ой толғаса, Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейінің экскурсоводы Байтұрсынова Лаура музейде сақтаулы тұрған Кенен атамыздың құнды жәдігерлерімен оқырмандарды таныстырды.
К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармонияның әртістері әнші-композитордың ән мұрасынан «Бастау», «Алатау алабында», «Бұлбұлға», «Мен сүйемін халқымды», «Жайнады таңым, жайнады», «Шырқа даусым», «Қайран жастық» және т.б. әндерін шырқалып, айтыскер-ақын, композитор Дидар Басықараевтың «Кененге арнауы» мен «Кенен толғау» күйі кеш қонақтарына тарту етілді.