Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 21 ақпан – Халықаралық Ана тілі күніне орай «Көп тіл білу – заман талабы» атты полиглот-шоу ұйымдастырылды.
Мақсаты: оқырмандарға ана тілінің қадір-қасиетін ұғындыру, оларды туған халқының тілін қастерлейтін, елін-жерін сүйетін, егеменді еліміздің ертеңі болар білімді, ұлтжанды, саналы да парасатты азамат етіп тәрбиелеу, бірнеше тілді меңгерген, жан-жақты білімді, бәсекеге қабілетті, мәдениетті тұлғаны қалыптастыру, оқырмандарды көп тілді меңгеруге шақыру.
Қазіргі уақытта көп тілді білу – өмір қажеттілігі. Осы қажеттілік негізінде қостілділік (көптілділік) пайда болып қалыптасады және қоғамда ұлт саны қаншама көп болса, ол үшін қостілділік пен көптілділік соншама қажет. Бірнеше тілді меңгеру арқылы жас ұрпақ білім кеңістігінде еркін самғап, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіндік алады. Осыған орай, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті мен «Һибатулла» медресесінің білімгерлері, дарынды ер балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаты оқушыларының қатысуымен ұйымдастырылған полиглот-шоу барысында оқырмандар өздері таңдаған екінші тілдері туралы айта отырып, сол тілде өздерін таныстырды. Жастар ағылшын, қытай, араб, түрік, француз, неміс тілдерінде өз ойларын білдірді. «Білімді ұрпақ – болашақтың кепілі», - дегендей, қазіргі таңда елдің болашақ азаматтарын қалыптастыру үшін көп тілді білу – өмір қажеттілігі екендігі сөз етілді.