интерактивті ізгілік сабағы
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұлттық құндылықтарды жаңғырту, оқырмандардың бойында ұлттық сананы ояту, жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялату, ұлттық рухты сіңіру, оларды отансүйгіштік пен толеранттылыққа тәрбиелеу мақсатында «Қазақ еліне мың алғыс!» ізгілік таным - интерактивті ізгілік сабағы ұйымдастырылды.
Алғыс - адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ оның ойы мен іс-әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беру екенін жеткізген кітапханашылар іс-шараға қатысқан Тараз қаласының жоғары және арнаулы орта оқу орындарының білімгерлерінің ризашылық пен алғыс, ұлтаралық өзара сыйластық, ынтымақтастық деген ұғымды білдіретін толеранттылық туралы түсініктерін кеңейтуге тырысты.
Өзбек, түрік, орыс, шешен ұлттарының өкілдері - Еменова Мухтима, Юсупова Нигора, Орғозұлы Нариман, Мальцев Виктор, Есеманов Аралбай 1 наурыз - Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматттарының бір-біріне құрмет білдіретін күн екенін айта келе, алғыстарын білдірді. Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушылары Т.Болысбаев, Е.Пернебаев, М.Исаев, С.Шынболатов, И.Жұмабек «Шаблон» атты түрік биін биледі. Жумабеков Бекболат «Ақтамбердінің термесін» және қазақтың халық әнін «Қараторғайды» домбыраның сүйемелдеумен шырқады. «Қазақ елі» әнін Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Шұғыла Еспенбетова орындады. Кітапхана жанындағы «Қаламгер» клубының мүшелері, жас ақындар Сұлтан Сәдуақасов, Абылай Нурбосынов, Юсуп Елеман, Қуат Аян, Сауран Сымбат өз арнауларынан үзінді оқып, өнерлерін ортаға салды.