Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Әулиеата өңірінде дүниеге келген жазушылардың шығармаларын өнеге ету, өмір жолдарын жас ұрпаққа кеңінен насихаттау мақсатында жүзеге асырылып отырған «Жазушымен бір күн» жобасы аясында Әулиеаталық ақындармен «Ақындай сезімтал, Әлемде жан бар ма?» тақырыбында кездесу кешін ұйымдастырды.
Көрнекті ақын, қоғам қайраткері Жарылқасын Аманұлының өлең жолдарымен аталған кешке арнайы ақын, белгілі журналист, облыстық «Ақ жол» жастар газетінің тілшісі Қамар Қарасаева, жазушы, журналист Ардақ Үсейінова, Қазақстан Жазушылар мен журналистер одақтарының мүшесі, ақын, журналист Нұржан Қадірәлі, ақын, «Ақ жол» газетінің тілшісі Нұржан Әліш қатысты.
Жас болса да, әдебиет әлемінде өзіне тән соқпақ жол салған ақындардың өмірлік және шығармашылық жолдарымен кітапхана оқырмандарын жан-жақты таныстыру, кітапхананың жас оқырмандарын ақындармен жүздестіру арқылы, олардың туындыларын оқуға баулу мақсатын көздеген кітапханашылар, іс-шараға арнайы поэзияға жаны құмар бір топ студенттер мен оқушыларды шақырды.
Поэзия, ақындық өнер, бүгінгі қазақ әдебиеті жайлы орамды ой, түйіні терең философиялық әнгіме айтылған кеште замандас ақындарының ізімен ерген ізбасар іні-қарындастары өз шығармалары мен арнауларын тарту етсе, ақындар өз өлең жинақтарынан жыр төкті.