Онлайн коучинг-шығармашылықты дамыту кеңес
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында облыстық, аудандық кітапханалар қызметкерлерінің қатысуымен «Оқуды ілгерлету: кітапханадағы тың идеялар мен технологиялар диапазоны. Цифрлы қоғам шеңберіндегі кітапхана қызметі» онлайн коучинг форматында екі күндік шығармашылықты дамыту кеңес ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты - Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттары аясында өңірдегі кітапхана ісін дамытудағы кітапханашылардың жаңашылдық бастамасы мен кәсіби дамуын ынталандыру, мамандық беделі мен әлеуметтік мәнін көтеру, кітапхана қызметіне жаңа ақпараттық технологиялар мен әдістерін енгізу жолдарын машықтау болды.
Шығармашылық кеңесті Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сембина Зубайра Жарқынқызы салтанатты түрде ашты. Онлайн коучинг жұмысының бірінші күнінде қоғамның мәдени дамуының формацияларына негізделген кітапхана қызметі, ауыл кітапханаларының ақпарат үйлестірушісі ретіндегі оқуды ілгерлету бойынша қызметі мен оның тиімділігі және тартымдылық көрсеткіштері, кітапхананың жетістікке жету үшін серіктестікті үйлестіру жұмыстары аясында кітапханашылар ой бөлісіп, іс-шараға Астанадан арнайы шақырылған Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасы басшысының ақпараттық ресурстар бойынша орынбасары, IT маман, ақпараттық жүйелер бойынша маркетолог, Нұржан Нұрланұлы Жолдыбалинов «Цифрлы қоғам шеңберіндегі кітапхана қызметі» тақырыбында баяндама-дәріс оқып, практикалық сабақ өткізеді, «Өрлеу» БАҰ БАҰО АҚ Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының психологиялық ойындарды өткізу тренерлері, Тойганбекова Шынар Малимбайқызы және Айгерім Абзалбекқызы «Оқу арқылы жаңару мен рухани жаңғыруға» тағырыбы аясында тренинг өткізеді. Сонымен қатар, Сарысу аудандық кітапханалар жүйесінің қызметкерлері коучинг қатысушыларының назарына онлайн жүйесінде «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында шығармаларды насихаттау бойынша өздерінің көрсетілім іс-шарасын ұсынды.
Жуалы ауданының кітапханашылары Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру және кітапханашылар арасында тәжірибе алмасу мақсатында үстіміздегі жылдың наурыз-маусым айларына жоспарланған «Рухани жаңғыру: жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда оқырмандарға қызмет көрсету» атты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің кітапханадағы күндері аясында өздерінің Жуалы ауданының 90 жылдығына арналған «Тарихы терең, еңбегі ерен Жуалы» тақырыбындағы кітап көрмесі мен «Өркені өрісті, ертеңі келісті» тарихи круиз форматында ұйымдастырылған іс-шарасын ұсынды.
Коучингтің екініші күні кітапханада қонақта «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген тұлғалар: Астана қаласынан келген IT маман, ақпараттық жүйелер бойынша маркетолог, Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасы басшысының ақпараттық ресурстар бойынша жетекшісінің орынбасары Нұржан Нұрланұлы Жолдыбалинов, «Кирпичник» ЖШС директоры, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» Сембек Сейдәзімов, ІІБ-нің жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полициясының аға сержанты Ғалым Қазбекұлы Арыстанбаев, «Бурное ірімшік зауыты» ЖШС-нің директоры Әбдібек Пошкаев болып, өздерінің өмір жолдары, атқарып жатқан қызметтері, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енгенін естігендегі және Елбасымен кездескен сәттерден алған әсерлерімен бөлісіп, қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Онлайн коучингке офлайн жүйесінде облыстық, қалалық, аудандық кітапханалар қызметкерлері (5 қызметкерден), онлайн жүйесінде өңірдің 10 аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің қызметкерлері, ауыл кітапханашылары қатысты.