Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру және кітапханашылар арасында тәжірибе алмасу мақсатында үстіміздегі жылдың наурыз-маусым айларына жоспарланған «Рухани жаңғыру: жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда оқырмандарға қызмет көрсету» атты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелерінің кітапханадағы күндерін Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Қордай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай «Өткені – сырлы, ертеңі - нұрлы Қордай» атты әдеби-танымдық кешпен жалғастырды.
Кеш барысында кітапханашылар Қордай ауданының тарихынан сыр шертіп, Ойжайлау, Сұлутөр, Әулие Шоқы сияқты көк тіреген таулары, Отар, Аңырақай, Жазиралы, Шу Қарақоңыз, Майбұлақ, Қалғұтты, Ұзынсу, Ешкілідей өзен сулары туралы айтып, Қордай жерінен шыққан қоғам қайраткерлері, ақын-жазушы, зиялы қауым өкілдерінің өмірбаяндарына тоқталды.
Кешке Қордай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә. Сейілханов қатысып, Қордай жері туралы келелі әңгіме өрбітіп, қордайлық зейнеткер А.Иманалиев өз шығармашылығынан «Қордай вальсін» орындап, Әміре Қашаубаев атындағы республикалық ән байқауының лауреаты, Кенен Әзірбаев атындағы республикалық ән байқауының «Алтын адам» сыйлығының иегері, Мәдениет саласының үздігі, Алматы облысы Ақсу ауданы, Жамбыл облысы Қордай ауданының құрметті азаматы, әнші Қарлығаш Қожағазина әнімен кештің көркін қыздыра түсті. Қордай аудандық орталық кітапхананың тұрақты кішкентай оқырманы А.Сакен белгілі ақындардың өлеңдерін оқыды.
Қордай өңіріне арналған кітап көрмесі, 2018 жылы «Модельді» кітапхана атағына ие болған Әлжан ана ауылдық кітапханасы туралы бейне слайд көрсетіліп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті кітапханасынан 260 кітабы сыйға бергендігіне тоқталды.
Қордай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханадағы күнін Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Э.Абдинова қорытындылап, келген қонақтарға, әріптестерге алғысын жеткізді. Іс-шараға облыстық, қалалық кітапханалардың кітапханашылары қатысып, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелері онлайнға шықты.