(20 ақпан – дүниежүзілік әлеуметтік әділдік пен теңдік күні)
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 20 ақпан - дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік пен теңдік күніне орай «Жамбыл облыстық мүгедектерді оңалту және бейімдеу» орталығының оңалушылары арасында «Жүректен шыққан жылулық» тақырыбында шапағат кешін өткізді.
Кітапхана өкілдері орталық оңалушылары дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні арнайы адамзаттың назарын әлеуметтік әділеттілікке, теңдікке аудару үшін бекітілгені, әділеттілік деген адамзат тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұғым екені, және осы ұғым барлық адамдарға теңдей мүмкіндік пен құқық беретін демократиялық қоғамның негізі ретінде қарастырылатыны туралы терең мағлұмат беруге тырысты.
Кітапхана оқырмандары, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің білімгерлері Маралбек Мағжан, Тұрапбек Әліби, Бегалы Бауыржан көңілді әндерін тарту етсе, «Болашақ» тобы Ана туралы әсем әнін шырқады. «Асыл арман» өнер орталығының «Асыл Нұр» би тобы өз өнерлерін ортаға салып, Әнел мен Жәнел есімді қос арудың әндеріне ақжаулықты аналар және аталар ортаға шығып, көңілдене биледі.
Кеш барысында орталық оңалушылары «Ойланайық, пікірлесейік» айдары аясында «Әділ болу оңай ма?», «Әділ болуға ұмтылу адамға не үшін қажет?» және тағы осындай сұрақтарға белсене жауап беріп, жақсы пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара соңында тақырыпқа сай ұйымдастырылған көрмеге библиографиялық шолу жасалды.
Мекеме қызметкерлері мен оңалушылар іс-шара көңілінен шыққанын жеткізіп, ризашылықтарын білдірді.