Қордай ауданы Әлжана ана ауылдық кітапханасы
Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары мен «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, кітапханашылар арасында тәжірибе алмасу мақсатында үстіміздегі жылдың наурыз-маусым айларына жоспарланған «Ауылдық кітапхана – жергілікті қоғамдастық орталығы» атты ауылдық кітапханалар күндері аясында Қордай ауданы Әлжан ана ауылдық кітапханасы «Ұлы даланы ұлықтау – ұрпақ парызы» тарихи-танымдық кешін өткізді.
Іс-шара барысында ұйымдастырушылар Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ежелгі халықтың жеті кереметіне тоқталып өтті.
Сондай-ақ, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласының символына айналған атқа міну мәдениеті, ұлы даладағы ежелгі металлургия, аң стилі, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отанынан сыр шертетін әсем көрініс көрсетіліп, әрқайсысына жеке сипаттама берілді.
Аталған бағдарлама аясында жеті қырлы алмастың бірі, күллі көшпенділер дәуіріне гауһардай жарқырап, сәуле түсіріп тұрған атқа міну мәдениетінің ерекшелігі туралы айтылып, Әлжан ана ауылының тұрғыны, ат құлағында ойнаған, талай дүркін бәйгелерде қарсыластарын сан соқтырған жас шабандоз Айдын Оразбай өзінің киелі жылқыны қалай баптау керектігі жайында өз тәжірибесімен бөлісті.
Бұдан бөлек, «Төрт түлік малдың төресі» жобасының авторы, «Біз - 21 ғасырдың болашағымыз» мектепішілік жобалар байқауының жеңімпазы Жаннұр Жұмақадыр ұсынған жобасының жай-жапсарын түсіндірді.
Ауыл тұрғындары Разат Құсайынов «Сүгірдің термесі» мен «Туған жер» әндерін шырқаса, Ержан Ізбасар «Қобыланды батыр» жырынан үзінді келтіріп, «Тайбурылдың шабысын» жатқа оқыды.
Кеш «Қара жорға» биімен қорытындыланды.