Кітапхана мен Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернаты «Жазушымен бір күн» жобасы аясында белгілі балалар жазушы, Қазақстан Журналисттер одағының мүшесі, «AQ JOL» газетінде жауапты хатшы Марат Құлибайұлының 50 жас мерейтойына орай «Балалар жүрегіне жол тартқан» әдеби вернисаж - жазушымен кездесу кешін ұйымдастырды.
Балалар тақырыбына қалам тартып жүрген жазушылардың көтерер жүгі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі де өте салмақты. Осындай жауапкершілікті көтеріп жүрген қаламгерлігі ерекше, жазудағы өзіндік стилімен танылған, балалар әдебиетінің қаламгері Марат Құлибайұлының өмірлік және шығармашылық жолдарымен кітапхана оқырмандарын жан-жақты таныстыру, жастарды жазушымен жүздестіру арқылы, автордың туындыларын оқуға шақыру, баулу мақсатын көздеген кітапханашылар іс-шараға арнайы жергілікті зиялы қауым өкілдері мен жазушының қаламдас әріптестері Қазақ журналистикасының қайраткері Ақылжан Мамыт, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Баймаханбет Ахмет, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер-ақын Ербол Қамбатыров, Талас ауданының Құрметті азаматы, ақын, сазгер, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Битенова Үміт Қыранқызы, Жамбыл облыстық мәслихаты депутаты, ақпарат саласының үздігі, журналист Оралхан Дәуіт, Ақын, облыстық және республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, облыстық «Ақ Жол» газетінің аға тілшісі Есет Досалы, «Aq jol» газетінің «Әлеумет» бөліміне жауапты аға тілшісі Қарасаева Қамар Рахметуллақызы және Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің директоры Омарбекова Ақмарал Сапаралықызы қатысты.
Іс-шара барысында жалпы өңірдің ақпарат саласының дамуына, қазіргі таңда облыстық газеттің қара шаңырағында жемісті еңбек етіп келе жатқаны жайында сыр шертіп, балаларға арнап жазылған шығармалары туралы пікірлері айтылды. Сонымен қатар, Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының оқушылары жазушының портретінен пазл-мозайка құрастырып, тосын-сый жасап, өздерінің арнау өлеңдерін оқып, жазушыны тәнті етті. Ал Тараз қаласындағы №66 жайлы орта мектебінің оқушылары жазушының «Жеті ата» шығармасынан көрініс сахналаса, жазушының туған жерінен арнайы келген «Жуалы» халық театрының актерлары мен Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек-мектеп оқушылары «Жұман ата аманаты» әңгімесін сахналады.