Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Айша бибі аспанында Әл Фараби шығармалары әуеледі

    Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы үстіміздегі жылдың ақпан-қазан айларында өңір кітапханалары мамандарының кәсіби құзыреттілігін дамыту, кітапхана мен кітапханашы мамандығының позитивті имиджін нығайту, кітапханашылардың қоғамдық және кәсіптік әр түрлі өмір тараптарын қамту, өңірдің ерекше мәдени, тарихи көркем көріктілерін, әдеби мұраларын тереңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық мүддені қорғауға деген игі сезімді оятуға атсалысу, заманауи көпфункционалды ақпарат, білім және мәдениет алаңы ретінде кітапханалардың қоғамдағы деңгейін арттыру, кітапхана мамандарының өзара тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету мақсатында «Өлкелік туризм кітапхана жұмысының инновациялық түрі ретінде» кітапханалық жобасын жүзеге асыруды бастады.

     Аталмыш жоба аясында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері өңірдің 10 ауданына туристік саяхат жасап, аудан кітапханашылары үшін көрсетілім іс-шаралар ұйымдастырады.

    Іс-шаралардың алғашқысы Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай «Ғылым – шындық, сопылық – сұмдық. Бұл – ақиқат...» тақырыбындағы әдеби постулат Жамбыл аудандық  Айша бибі ауылдық кітапханасында өтті.

    Шараны Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Э.Абдинова ашып, кітапханалық туризмнің  2018 жылдан бері жалғасып келе жатқанын, жас кітапханашылар арасында тәжірибе алмасудың озық үлгісі екеніне тоқталды. Сонымен бірге, 10 ауданның кітапхана директорлары қатысып, жоба жұмысына сәттілік тіледі.

    Іс-шарада кітапханашылар ғұлама ғалым Әл-Фарабидің трактаттарын оқып, қойылымдар қойып, өлеңдерін оқып, әндер шырқады. Экранда ғұламаның трактаттарынан үзінділер қойылып,  өмірі бейнедауыс арқылы  айтылып тұрды.

    Аса ауылы Б.Момышұлы атындағы мектептің мұғалімі мен оқушылары баяндама дайындады.

    Әдеби постулатта К.Әзірбаев атындағы филармонияның әншілері жыр-термелерді әуелетсе, қазақ драма театрының әртісі ғұламаның толғауын жырлап, кітапхананың тұрақты оқырманы Бейбарссұлтан Әл-Фарабидің бала бейнесін сомдады.  Өңірлік туризм жобасы аясында алғашқы іс-шара Айша бибі ауылы тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп, сахна төріндегі  кітапханашыларға ұзақ уақыт қошемет көрсетті. Электронды кітап көрмесіне шолу жасалынып, іс-шараға 150 адам қатысты.

Яндекс.Метрика