«Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы аясында Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылып отырған фестивалде кітапсүйер оқырмандар, өңірдің зиялы қауым өкілдері мен кешке арнайы шақырылған қонақтар – Ырысбек Дәбей, Мақсат Мәлік пен Ерлан Жүніс секілді елге белгілі қаламгерлер бас қосты.
Өз сөзінде Президент кеңесшісі оқитын ұлт қалыптастыру идеясы Мемлекет басшысының басым бағыттарының бірі екендігіне тоқталып, аймақта соңғы жылдары руханиятқа баса мән беріліп келе жатқанын жоғары бағалап өтті.
Сонымен бірге айшықты іс-шарада биыл 80 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Қайырбек Асановтың «Махаббат», «Шапағат», «Парасат» атты үш томдық жыр жинақтары жарық көрді. Сондай-ақ кітап фестивальінде «Оқуға құштар оқырман» оқу марафоны бойынша аймақтың ең көп кітап оқыған оқырмандары марапатталды.
Бұдан соң кездесу кеш қонақтарының қатысуымен автограф-сессия форматында өрбіп, қаламгерлер ел әдебиеті пен руханияты турасындағы ойларын ортаға салды.
Кеш соңында өлеңді өмірінің өзегі еткен жамбылдық ақындар жырдан шашу шашты.