Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, әскери қайраткер Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған «Бауыржан Момышұлының мұралары: тарих пен таным» Республикалық ғылыми-теориялық конференциясы өтті.
Республикалық ғылыми-теориялық конференцияның мақсаты – Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлік тағылымын терең зерделеу, оның әскери-стратегиялық мұрасын, әдеби шығармашылығын және ұлттық рухани құндылықтарға қосқан үлесін ғылыми тұрғыдан қарастыру. Сонымен қатар, батырдың тарихи тұлғасын жаңа қырынан ашу, архивтік деректер мен заманауи зерттеулер негізінде оның мұрасын жүйелеу, ұлт жадысында сақталған идеяларын бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде тиімді пайдалану және олардың ғылыми айналымға енгізілуін қамтамасыз ету.
Конференция аясында заң ғылымдарының докторы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы генерал-майоры Сейітжан Қойбақовтың «Батырлықтың алтын белгісі – Жуалы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Жаңа еңбекте Бауыржан Момышұлының туып-өскен өлкесінің тарихи ерекшеліктері, батырдың қалыптасуына ықпал еткен орта, сондай-ақ Жуалы өңірінен шыққан ерлік дәстүрінің сабақтастығы кеңінен баяндалады. Кітаптың жарық көруі – батыр мұрасын насихаттау ісіндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде бағаланды.
Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Тау тұлға, дара тұлға - Бауыржан» атты арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, қатысушыларға библиографиялық шолу ұсынды. Көрмеде батырдың әскери-публицистикалық еңбектері, шығармашылығына қатысты ғылыми зерттеулер, естеліктер мен түрлі басылымдар көпшілік назарына ұсынылып, оның мол мұрасын терең танып-білуге мүмкіндік берілді.
