Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Театр – тәлім- тәрбие мен тағылымның ордасы

     Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұжымы А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қонақта болып, театрдың көркемдік жетекшісі, актер, сазгер, «Мәдениет саласының үздігі» Мәлік Ақүрпековпен «Мәдениет айнасы» тақырыбында онлайн сұхбат өткізді.

     Онлайн сұхбат барысында Мәлік Дүйсебайұлы театрдың тарихына қысқаша тоқталып, өнер ордасының тыныс-тіршілігімен таныстырды.

   Санаулы сағаттарда–ақ көз алдымыздан сырғып өтетін спектакльдің дайындық жұмыстары, сахналық костюмдердің безендірілуі, образдарды алдын-ала пысықтау сынды ішкі жұмыстардың жүйесін жете түсіндіріп, тетардың көркемдік жетекшісі киелі өнер шаңырағына келген алғашқы жылдарын еске алды.

   Одан әрі театр тарланы мұғалім мамандығын театр сахнасына алмастырғаны, сахнадағы кездескен қызықтары мен қиындықтары, өмірлік ұстанымдары, алдағы жоспарларымен бөлісе келе, жастар арасында патриоттық сезімді ояту мақсатында әлі де табанды еңбек ететіндігін жеткізді.

   Спектакльді сәтсіздікке ұшыратпаудың жолдары, жұмыс барысында қолданатын тактикалары, жастарға қояр талаптары, өнер саласында толғандыратын мәселелері жайында баяндады.

    Айта кету керек, Мәлік Дүйсебайұлы осы уақытқа дейін Григорий Гориннің «Герострат» ираги-комедиясында Герострат, Әлібек Әмзеевтің «Кейуана» трагедиясында Құрбан, Уильям Шекспирдің «Ричард III» трагедиясында Граф Ричмонд және аталған жазушының «Отелло» трагедиясында Отеллоның, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай сахналанған Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» спектаклінде бас кейіпкер Бауыржан батырдың, Қазақ хандығының 550 жылдығында қойылған Қалихан Ысқақ пен Шахмардан Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасында Қасым хан сынды жауапты рөлдерді жоғары деңгейде орындап, халықтың ықыласына бөленген.

Яндекс.Метрика