Кітапханада ақын, сазгер, Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі Бейсен Пәрімбек Әлішерұлы шығармашылық мұрасын насихаттауға арналған «Әйтеуір бір шығармын…» атты кітаптың таныстырылымы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қаламгердің өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен таныстырылып, әдеби мұрасының рухани құндылығы дәріптелді.
Кеш барысында автордың өлеңдері оқылып, өмірі мен шығармашылық жолы таныстырылды. Сонымен қатар оның поэзиялық және музыкалық туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шара барысында қаламгер шығармашылығының негізгі өзегі – өмір, тағдыр, сезім мен рух үндестігі екені кеңінен сөз болды.
Кітаптың таныстырылым рәсіміне Талас ауданының Құрметті азаматы Сәулембай Әбсадықұлы мен автордың замандасы Жаңабек Сдыманов қатысып, жаңа туындының тұсауын кесті. Іс-шара барысында ақынның замандастары, әріптестері, зиялы қауым өкілдері мен отбасы мүшелері сөз алып, оның адами болмысы мен шығармашылық жолы туралы жылы естеліктерін ортаға салды.
Іс-шара соңында қатысушылар Бейсен Пәрімбек Әлішерұлының шығармашылық мұрасы ұлттық руханияттың құнды қазынасы екенін атап өтіп, оның туындылары өскелең ұрпақты адамгершілікке, отансүйгіштікке және рухани кемелдікке тәрбиелеуде маңызды орын алатынын жеткізді.
