Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының әлеуметтік желі парақшаларында Жамбыл облысы әкімдігінің туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Жайнақұлымен «Туризмді дамыту – тарихымызды таныту» тақырыбында онлайн сұхбат өтті.
Сұхбат барысында Жомарт Жайнақұлы облыстағы туризм саласының беталысы, инфрақұрылымды дамытудағы басым бағыттары, туризмнің түрлері, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары бойынша баяндама жасап, аймақтық туризмнің өркениетті түрде дамып келе жатқандығын жеткізді.
Шетелдік туристердің тарихи орындарға деген қызығушылығының артқаны соншалық, тіпті аты аңызға айналған «Қарахан» мен «Айша бибі» кесенелерін арнайы іздеп келетін көрінеді.
Туризм саласы бойынша демалыс орындары мен балаларды сауықтандыру лагерлерінің саны ұлғайғандығын, сондай-ақ, аз қамтылған отбасынан шыққан балалар мен жасөспірімдерге мемлекет тарапынан қандай жеңілдік қарастырылғандығын да атап өтті.
Өз баяндамасында Жомарт Жайнақұлы халық игілігі үшін жүзеге асырылып отырған жобалардың жүйелі жоспарын таныстырды. Егер аталған жобаларға тиісті қаржы бөлініп, оң нәтижесін беріп жатса, 2000 жылдық тарихы бар көне шаһар одан әрі ажарлана түспек.
Онлайн оқырмандар туризм саласы бойынша көкейлерінде жүрген сан сұраққа жауап алып, түристік өнім, туристік ресурс сында көптеген қарапайым халық күнделікті қолдана бермейтін ұғымдардың мән-мағынасын ашу мүмкіндігіне ие болды.