Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Басты бағыттар айқын

Марс Үркімбаев атындағы жастар сарайында «Нұр Отан» партиясы

Тараз қалалық филиалының кезектен тыс ХХІ конференциясы өтті.

 

         Партиялық бақылау комиссиясы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшелері, бастауыш  партия  ұйымдарының жетекшілері, қалалық мәслихат депутаттары мен қала әкімдігінің бөлімдері және мемлекеттік органдардың басшылары, партияның қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері қатысқан алқалы жиынды партия қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков ашып, жүргізіп отырды. Сайланған 219 делегаттың 205-і қатысқан жиында күн тәртібіне екі мәселе шығарды. Алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:  рухани  жаңғыру»  атты мақаласынан туындайтын міндеттердің Тараз қаласында іске асырылу барысы туралы хабарламаны партия қалалық филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі,  қала   әкімінің   орынбасары   Кенжебек Олжабай  жасады. Бүгінгі таңға дейін  атқарылған жұмыстарға жіті тоқталған Кенжебек Мамашбайұлы алдағыжаслатын жұмыстармен қатар, мақаладағы басты бағыттарға басымдық беру керектігін де айтты.

    – Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық құндылықты насихаттап, тарихи мұраларды қайта жаңғыртудың маңызы зор болғандықтан, еліміздегі басты саяси күш болып табылатын «Нұр Отан» партиясы осы бағдарламаны конференцияда негізгі мәселе ретінде қаралуын жоспарлап, назарда ұстауы көңіл қуантады. Елбасының руханиятқа, білімге, ғылымға мән беруі – үлкен көрегендік. Бұл – еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан жұмыс. Еліміздің болашақтағы келбетін анықтайтын – бәсекеге қабілеттілік. Бәсекеге қабілеттілік саясатта, экономикада, руханиятта, яғни барлық салада болуы керек. Бүгінгі нарық заманында бұл ұғымды балалардың санасына отбасынан бастап сіңіру керек деп ойлаймын. Бәсеке болған жерде жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, санамызды жөндейміз, – деген қала әкімінің орынбасары латын қарпіне көшу туралы да өз ойын ортаға салды.

   Жалпы бағдарламалық мақаланың басты бағыттарын түсіндіру мақсатында облыстық және қалалық ақпараттық топтың мүшелері мекемелер мен кәсіпорындардың ұжымдарымен 74 кездесу өткізіп, оларға 5 000-ға жуық қала тұрғындары қатысқан. Сондай-ақ жиында Кенжебек Олжабай қала әкімдігінің бөлімдеріне бірқатар тапсырмалар беріп, алдағы уақытта бас мақалада көрсетілген бағыттарды насихаттап, іске асыру жо-лында барлық азаматтарды аянбай еңбек етуге шақырды. Сондай-ақ конференция барысында «Латын әліпбиі және ұлт болашағы» тақырыбында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры, т.ғ.д., профессор Асқар Абдуалы хабарлама жасады. «Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадам. Ғаламдық істер адамзаттың игілігіне айналары анық. Осы жолда Елбасы ата-бабамыз армандаған «Мәңгілік Ел» идеясының өзі ұлттық тіліміздің тұғырын бекітіп, рухани жаңғыруға жасалған нақты қадам деп түсінуіміз қажет. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті осы бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік тілді оқыту орталықтары және білім мекемелерімен біріге отырып атқаруға дайын» – деген проректор бірқатар ұсыныстар айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де, жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» – деп атап өткен-ді.

         Осы орайда, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали жиында Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына тоқталды.

         – Туған жер дегенде пафоспен сөйлемеу, поэзия тіліне жүгінбеу мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені кіндік қаны тамған, талшыбық мініп жарысқан, балдәурен балалығы өткен туған жерін сағынбайтын, туған жер десе еміренбейтін адам кемде-кем. Өзімізге бұрыннан белгілі жәдігерлеріміздің Қазақстанның сакралды картасына енуі өзге жұрттың назарын аудартып, қызығушылығын туғызатыны анық. Десек те, бұл ертең біздің жаққа қарай туристер ағыла жөнеледі деген сөз емес. Елбасымыздың міндет еткен ішкі және сыртқы мәдени туризмді дамыту мәселесі күн тәртібінен түспеуі керек. Бұл салада жергілікті билік тарапынан инфрақұрылым жасақталып, туристік кластерді дамытуда оң істер атқарылды. Тек заман талабына сай маркетинг қажет-ақ. Орта ғасырлық сәулет өнерінің жауһары, кіршіксіз адал махаббаттың символы Айша бибі мен Қараханның кесенелеріне жастар үйлену тойының алдындағы серуен кезінде алкогольді ішімдіктерге тойып, лепіріп баруды доғарғанда, Айша бибі мен Тектұрмастың маңында тұратын балалар той кортежінен тиын дәметіп, арқан керуін қойған кезде, ХІV ғасырда Талас өзенінің оң жағалауында діни орындардың бірі болған, зороастризм, христиандық, мұсылмандық рәсімдегі зираттар орналасқан, Сұлтан-Махмұд ханның жерленген орны – Тектұрмас кесенесінің етегінде көлік жумай, қоқыс тастамай, ішімдік ішпей, жартылай жалаңаш шомылмаған кезде рухани жаңғыруға жақындаймыз. Бүгінгі мысқалдап атқарып жатқан әрбір ісіміз ертең қоғамдық сананы сілкінтуге, рухани жаңғыруға әкеледі деп сенемін. Ол үшін Тараз деген киелі шаһардың тұрғынымын деген мақтаныш әрқайсымыздың жүрегімізде болуы керек, – деді Эльмира Иниятқызы.   

         Сонымен қатар басқосуда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев: «Филиалға қарасты 35 бастауыш партия ұйымы мен 16 618 партия мүшесі бар. Бұл – қала тынысына айрықша дем беретін үлкен саяси күш. Бүгінгі таңда «Нұр Отан»

партиясының Тараз қалалық филиалы мен оның бастауыш партия ұйымдары Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған саясатқа әрқашан қолдау көрсетіп, алға қойылған міндеттерді іске асыруда үлкен жауапкершілік танытуда. Осы орайда, конференция делегаттары, партия активі осындай ортақ іске және қоғам мен мемлекет дамуына еселі үлес қосады деп сенемін»– деді. Ал күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс ХХ конференциясына 60 делегат сайланды.

 

Арайлым Шабденова

 Жамбыл-Тараз. - 2017. - 20 қыркүйек. - (№38). - 3 б.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Яндекс.Метрика