Жамбыл облыстық Ш. Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы

Педагог өз мәртебесін өзі көтеріп жүр ме?

    Сонымен көптен күткен «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Жыл басынан күшіне енген бұл Заң өңірдегі 27 мың мұғалімнің көңілінен шықты ма? Жалпы, әуел баста құжатты әзірлеу мақсаты - педагогтердің мәртебесін, мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлеріне барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайту, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалау болатын. Өйткені бұл Елбасының 2018 жылы 5 қазандағы Жолдауында тайға таңба басқандай жазылған. Соңғы жылдары қағазбастылыққа көмілген, өз уақытын аямаса да өзгенің уақытын аялаған ұстаздар қауымының қай үміті ақталды, қай арманы орындалмай қалды?

    Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өткен «Өркениеттің бастауы - мұғалімнің мәртебесі» тақырыбындағы дөңгелек үстелде осы мәселе талқыланды. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған жиынға сала бойынша жауапты өкілдер қатысты.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

    Заң жобасын әзірлеуге атсалысқан жұмыс тобының құрамындағы мамандардың сөзіне сенсек, мұғалімдердің ең көп ұсынысы зейнет жасын қысқарту туралы болған. Бірақ бұл қолдау таппаған. Осы ұсыныстың заңға енгізілетінінен педагог қауымның барлығы да үмітті болды. Жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас маман шамамен 22 жаста болады деп есептесек, 40 жыл жұмыс істегеннен кейін ғана зейнетке шығады. Өйткені біздегі енгізілген өзгерістерге сәйкес енді әйелдердің зейнеткерлік жасы 2025 жылы ерлермен теңесіп, 63 жас болады. Ал 60-тан асқан мұғалімнің 1-сынып оқушыларына әріп үйретіп отырғанын елестетудің өзі қиын. Сондай-ақ педагогтердің осы заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма берілгеннен бастап пайда болған тұрғын үймен қамтуға қатысты үміт оты сөнгендей. Олар тегін үй сұрамады, бүгінгі нарықтық жүйеде оның мүмкін еместігі де белгілі. Заңның 12-бабы 6-тармағында «Ауылдық елді мекенде кәсіби қызметін жүзеге асыратын педагогқа жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша тұрғын үй сатып алу немесе салу үшіи әлеуметтік қолдау көрсетіледі» деп жазылған. «Үй немесе үй салуға жер беріледі» делінбеген.

Ерман Әбдиев,

Ақ жол.- 2020 жыл.- 1ақпан (№12).- 4б.

Яндекс.Метрика