Қазіргі карантиндік талаптар мәдениет саласындағы мекемелердің жоспарлы жұмыс жүргізуіне тосқауыл бола алған жоқ. Бұған дейін ұйымдастырылып келген дәстүрлі іс-шаралар қалыптаскан ахуалға байланысты онлайн жүйеде өткізілуде. Солардың бірі – Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы қызметкерлерінің жамбылдық қаламгерлермен ұйымдастырған онлайн сұхбаттар
Оқырмандар онлайн сұхбаттарды «Фейзбук», «Ютуб» әлеуметтік желілеріне тікелей эфирге қосылу арқылы тамашалады. Онлайн сұхбат алдында ақындардың өлеңдерін «Фейзбук» желісі арқылы насихаттау кезінде де асау да, әсерлі жырларды түсініп, жатқа оқыған кітапхана қызметкерлерінің жұмысы жеңіл болмады. Бүгінге дейін Ғайни Әлімбекқызы, Үміт Битенова, Хамит Есаман, Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл, Арайлы Жақсылық, Нұржан Қадірәлі және басқа да ақындар кітапхана қонағы болып, төгілтіп жыр оқып, өз ойларымен бөлісті.
Бір айта кететіні, карантин кезінде облыс тұрғындары Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған іс-шараларды да онлайн көруге мүмкіндік алды. Майдангер ақындар Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Қасым Аманжолов секілді әдебиет алыптарының жалынды жырларымен әлеуметтік желі арқылы қайта қауышты. Аталған кітапхананың «Туған күн иесі», «Ардагерлер лебізі» айдарлары да онлайн түрде өз оқырмандарын тапқанын айту керек.
– Біздің кітапхана облыстағы аудандық, ауылдық кітапханалардың бәрінің орталығы. Олар біздің қызметкерлерден ғылыми дәріс алып, өздерінің тәжірибелерін шыңдайды. Кейде Нұр-Сұлтан мен Алматыдан, өзге де облыстардан біздің кітапхананың көмегіне жүгінетіндер де бар. Олардың барлығына дер кезінде қызмет көрсету – біздің қызметкерлердің міндеті. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыс жүйесін дамыта береміз. Карантин кезіндегі кітапхана ұйымдастырған онлайн сұхбаттар, онлайн айдарлар тыңдармандардың үлкен қызығушылығын оятты. Бұл – ізденіс пен еңбектің жемісі, – дейді кітапхана директоры Эльмира Әбдинова.
Есет Досалы,
Ақ жол.- 2020.- 27 мамыр (№60).- 5б.